Азаматтық дауларды медиация тәртібімен шешудегі «Виртуалды медиация» кабинеті сервисінің маңызы

Медиация – кез келген даулы мәселені бітімгершілікпен шешу.
Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бүгінгі күні мемлекеттік жүйенің барлық құрылымдарына енгізіліп жатыр.
Демек, бұдан былай ауыл шаруашылығы секторы, білім мен мәдениет, экономика мен қаржы салаларының барлығы да автоматтандыру жүйесіне көшеді. Бұл дегеніңіз іс жүргізудегі адами факторлардың қатысуы шектеліп, бюрократиялық кедергілердің бәрі жойылып, Қазақстанды озық елдердің қатарына қосуда өз септігін тигізері анық. Бұл дегеніміз, адамдар бұдан былай үйінен шықпай-ақ мемлекеттік қызметтердің бірсыпыра парасын үйіндегі интернет арқылы ала алатынын білдіреді. Осы тұрғыда цифрландырудың сот жүйесіне де енгізілуі заңды. Әсіресе, Шығыс Қазақстан облыстық сотының цифрлық қызметті медиация саласына енгізуі адамдардың жұмысын едәуір жеңілдетіп берері анық.
Ең алдымен, медиация деген сөздің түп мағынасын түсіндіріп өтсек. Медиация – кез келген даулы мәселені бітімгершілікпен шешу. Бұл қазіргі сот жүйесіне өте қажетті жолдардың бірі. Дұрыс қолдана білсе, екі тарап та ерікті түрде ортақ мәмілеге келе алады. Елбасы халыққа жариялаған«100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында осы турасында зерделеп берген болатын.Медиацияға жүгінсе, дауласушылардың бірін екіншісіне жығып бермей, сот шешімінің ең тиімдісін іздейді, сол арқылы екі жақтың да мүддесін қамтитын шешім қабылдайды.
Түптеп айтқанда, медиация әртүрлі қиын жағдайға тап болған адамдар арасында келісімге келудің ізгі жолы. Заңның жалпы сипаты мен тұжырымдамасы баяғы қазақтың ықылым заманнан қолданып келе жатқан билер сотының үлгісі іспетті.Біздің ата-бабаларымыз бұрын бұл тәсілді тиімді қолданып, түрлі дауды билер соты арқылы бітімгершілікпен шешіп келген. Осы орайда «Медиация туралы» заң даналықтың дара заңдылыққа айналуының көрінісіне айналған.Олай дейтініміз, қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі.
Кешегі дария қарттарымыздың, орақ ауызды, алмас тілді шешендерімізбен қара қылды қақ жарған абыз билердің ел басқару, әсіресе халықтың тұрақтылығы мен бірлігін ұйыстырып, еліміздің шет елдермен өзара ынтымақтастығын реттеп отырған бітімгершілік үрдісінің бүгінгі заман талабына сай Президентіміздің бастамасымен ұштасып, жандануы қуантарлық жайт. Елімізде «Медиация туралы» заңның қабылдануы, яғни өркениет көшіне бет түзеген батыл қадамдардың жасалуы біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігін айғақтайды.Бұл заң қазақ халқының дәстүрлі билер мен ата-бабалар тағылымын, әдет-ғұрып тәжірбиесін қалпына келтіруге жасалған игі қадамдардың бірі деуге толық негіз бар. Зерделей білсек, кешегі бабаларымыздың бітімгершілік заңы мен бүгінгі медиация заңының арасында үлкен сабақтастық жатқанын аңғарамыз.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Республикасы Судьяларының 6-шы сьезінде сот тәртібімен қаралуға жататын дау-дамайларды азайту мәселесіне назар аударуды, соттан тыс реттеудің баламалы тетіктерін,соның ішінде бітімгершілік және медиация процедураларыненгізуді тапсырған болатын. Межелі міндетті жүзеге асыру мақсатында дауларды сотқа дейінгі және соттан тыс реттеу институтының қолданылуын кеңейту аясында облыстық және оған теңестірілген соттарға облыстық соттар мен әкімдіктер, қоғамдық ұйымдар арасында татуластыру рәсімдері институтын дамыту бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалып, аймақтық әкімдер жанынан медиация кабинеттері ашылған болатын. Медиация кабинетінің ашылуы халыққа дауларды соттан тыс жағдайда шешудің артықшылықтарын білуге мүмкіндік беретін айшықты қадам.
Осы орайда атап өтетін айтулы жаңалыққа тоқталып өтсем.
Бүгінгі күні Шығыс Қазақстан облысында жергілікті ақсақалдардан құралған кәсіби емес медиаторлар ортасы қалыптасты. Оларға құқықтық мемлекеттің талаптарына жауап беретін заманауи отандық сот жүйесінде дауларды бейбіт түрде шешуге ықпал ететін кәсіби және кәсіби емес медиаторларға кез келген азамат жүгіне алады. Әсіресе, Елбасымыздың Медиация туралы заңды қабылдап оны дамыту жолында біршама нақты бастамаларды бастауы, құқықтық, зайырлы мемлекет болуымыздың, адамдардың қадір қасиетінің сақталуына зор ықпал етіп отыр. Себебі, азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де жеке немесе заңды тұлғалардың құқықтық қатынастағы дау-дамайларын реттеуде сотқа бармастан бұрын және соттағы қарау басталған соң да медиация заңына сәйкес татуластыру рәсімдерін қолдануға болады.
Қоғам болған соң түрлі мәселелер, түрлі түйткілдер орын алмай тұрмайды. Ондай мәселелерді сауатты, салиқалы, байыппен шешудің жолы сот процестеріне татуластыру рәсімдерін кеңірек қолдану болып табылады. Осы орайда Ұлт көшбасшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы; жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Өскемендегі Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен виртуалды медиация кабинетііске қосылған болатын. Еліміз бойынша теңдесі жоқ алғашқы тың жобаның артықшылығы – даулы мәселелерге тап болған адам өзіне ыңғайлы жерде компьютер немесе қалта телефондары арқылы кәсіби медиаторлармен байланысқа шыға алады.Қолданушылар аталмыш сайтқа (/https://oddvk.kz/)электронды мекен-жайы арқылы 2 бөлімнен тұратын медиатор тізімдемесі менмедиаторларға өтініш командасына жүгіне алады.
Іске қосылған уақыттан бері виртуалды медиация кабинетіне 56 өтініш хаты келіп түсіп, оның 48-і келісіммен аяқталған.
Медиатор тізімдемесі бөлімінде кез-келген медиатор кәсіби біліктілігін растайтын құжаты арқылы тіркеліп, Достық үйінің ұйғарымымен аталған медиторлар тізімінде жарияланбақ.
Ал медиаторға өтініш бөлімінде өзіңіз турасында жеке мәлімет терезесін толтырып, медиаторды таңдау арқылы маңызды жұмыс турасында байланысып,түйткілді мәселеңіздің шешімін табуға мүмкіндігіңіз бар.
Заман көші ілгері қадам басқан сайын адамзат баласының уақытты өткізбей, барлық қызметті интернет арқылы жүзеге асыруы бүгінгі күні әлемнің алдыңғы қатарлы елдеріне тән. Өзге қызмет түрлерімен бірге еліміздегі сот ісіне қатысты шаруалар да бұл үрдіске бейімделіп келеді. Әсіресе, Шығыс Қазақстандағы іргелі саналатын Өскемен мен Семей қатарлы шаһарлардың халқы виртуалды медиация кабинетіне бейімделгені қуантып отыр. Біле білгенге үйден шықпай-ақ басты ауыртып, балтырды сыздататын даулы мәселелерді шешудің тәжірибесі аса маңызды. Тың бастама өз өміршеңдігін дәлелдеп берері сөзсіз. Себебі, адамның таным-түсінігінде сотқа барудың немесе дауға қатысты уақытты өткізудің өзі белгілі бір дәрежеде психологиялық тұрғыдан жүк түсіруі мүмкін. Ал виртуалды жол бұл машақаттардан арылтады.
Қорыта келе, «Виртуалды медиация» кабинеті азаматтар арасындағы қарым-қатынаста талас-тартыс деңгейін төмендетуге, тараптардың қарым-қатынас мәдениетінің, этикасының жоғарлауына, ерікті түрде орындалатын шешімдердің көбеюіне әкеледі деген сенім зор. Тек аталған қызметті интернет арқылы меңгеруді халыққа кеңінен насихаттаудың да маңызы зор болмақ. Облыстық соттың судьялары мен баспасөз саласы халыққа «Виртуалды медиация» кабинеті арқылы дау-дамайды шешу жолдарын жеңілдету тұрғысында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы
Қайырбеков Нұрлан Мұратұлы
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript