Дәстүрлі әншілер ән әміршісінің тойына жиналды

Инфоцентр ВКО, фото - Новости Zakon.kz от 17.07.2018 18:59 Инфоцентр ВКО
Əміре Қашаубаев- қазақ даласын, Париж сахнасын əсем əнмен тербеген асыл тұлға.

Әміре Қашаубаев – қазақтың дәстүрлі әнін шыңырау биікке жеткізген ұлттық өнердің феномені. Биыл дала саңлағының туғанына 130 жыл толды. Осыған орай Ақбұлақ ауылында дәстүрлі әншілердің республикалық фестивалі ұйымдастырылып, сахара перзентінің құрметіне ұлан-асыр ас берілді. Бұл туралы zakon.kz ШҚО Ақпарат орталығының берген ақпаратына сілтеме жасап хабарлайды.

Ән падишасының 130 жылдығына ұлттық өнердің майталмандары тайлы-тұяғы қалмай түгел жиналды. Ақбұлақтың төрінде қаз-қатарынан бой түзеген ақшаңқан боз үйлер мерекенің көркін аша түсті. Әміренің ұлт тарихында алар орны ерек. Жаһан жұртына қазақты алғаш танытқанда осы Әміре Қашаубаев. 1925 жылы Парижде өткен дүниежүзілік «Экспо» көрмесінде оның талантына бас имеген адам кемде-кем. Алаш ұлын тіпті әлемдік мәдениеттің көрнекті өкілдері Ромен Роллан және Анри Барбюс те мойындап, бұрын-соңды мұндай саф өнерді кезіктірмегенін тілге тиек еткен. Бұл жөнінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал күйші, музыка зерттеушісі, ғалым Жарқын Шәкәрім былай деп ой өрбітті:

«Әміренің дауысы, итальяндық Энрико Каррузо, американдық Марио Ланца және орыстың әйгілі опера әншісі Федор Шаляпиндікінен кем түспеген. 1974 жылы Мәскеуде, Әміренің фонографқа жазылған дауысын тапқанда, оның есімі жоғарыда аталған тұлғалардың арасында бірінші тұрды. Сол кезде қатты таңғалдым. Сөйтсе оның дауысында ғажап бір үн бар екен. Әміренің дарындылығына Луначарский, Затаевич сынды өнер қайраткерлері сүйсінген. Жақында Парижден тағы бір құжат табылды. Онда Әміре туралы Францияның белгілі композиторы газетте ой білдіріпті: «Мынау бір қызық дүние екен. Сонау Азиядан келген әншінің шығармашылығы мені өзіне баурап алатынын ойламаппын. Тыңдап отырып, көз алдыма бүкіл ата-бабамның ғұмыры елестеді. Бұл - таңғаларлық құбылыс. Қазақтың әні бойыма қайтадан жан кіргізгендей» деп, жазған екен. Сондықтан Әміре – бұл қайталанбас сүмбіле жұлдыз».

Мерейтойға орай құрметті қонақтар Ә.Қашаубаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, баба рухына тағзым етті.

- Әміре ағамыз 12 жасында қозы бағып, әнді сұңқылдатып айтқанда Тергеубай деген ағасы: «Осы Әміре біздің ауылымыздың атағын шығарады. Біздің абыройымызды асыратын осы бала. Оған қой бақтырудың не керегі бар? Оны маған беріңдер. Қалаға апарып, оқытамын» деп айтыпты. Осы жөнінде «Ән атасы» повесінде Әмірені жылқы бағушы ретінде көрсеткен еді, - деген елімізге танымал жазушы Медеу Сәрсеке жезтаңдай әншінің өміріне қатысты деректердің бұрмаланғанын атап өтті.

Мерейтойға байланысты Ақбұлақта «Ән атасы - Әміре» республикалық фестивалінің жалауы желбіреді. Оған Қазақстанның әр өңірінен 20-ға жуық дәстүрлі әншілер жиналды. Мұнда Жетісу, Арқа, Батыс пен Шығыс ән мектептерінің жарқын өкілдері бас қосты. Атап айтқанда, көрермендер Амангелді Жікенов, Бақыт Үдербаева, Гүлмира Сарина, Жоламан Құлжиманов, Эльмира Тілеубаева, Толғанбай Сембаев және Нұржан Жанпейісов секілді күміс көмей әншілердің өнерін тамашалауға мүмкіндік алды.

- Әміре атамыз аз ғұмыр кешсе де халықтың жадында мәңгіге сақталары сөзсіз. Өйткені, ұлттық өнерді насихаттап, оның беделін биік шыңға көтерген бірден-бір тұлға - ән әміршісі Әміре. Сол кісінің салып кеткен сара жолын жалғастыру бізге парыз. Қазақтың халық әні ешқашан өлмейді. Ол қазақпен бірге ғана жойылып кете алады. Әлі де дәстүрлі өнер шығар шыңына жетеді деген сенім мол. Ол үшін табжылмай еңбек етіп, осындай ауылдық жерлерде, қасиетті өңірлерде концерттер жиі өткізіліп тұру керек. Халыққа рухани азық бергенде ғана оның бойында ұлттық намыстың жалыны түлейді, - дейді еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, Ә.Қашаубаев атындағы дәстүрлі орындаушылар байқауының лауреаты Гүлмира Сарина.

Дәстүрлі ән мейрамында ауыл тұрғындары мен қонақтар Ақан Серінің «Балқадишасын», Әсеттің «Інжу-маржанын», Үкілі Ыбырайдың «Қызыл асығын», Абайдың «Сегіз аяғын» және тағы да басқа халық әндерін тыңдай алды. Нәтижесінде көрерменнің жүрегіне жол тапқан ұлттық өнер сарбаздарына мерейтойлық төсбелгі, Алғыс хат және ақшалай сыйлықтар тарту етілді. Сол сияқты «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов көпшілікке аймақ басшысының құттықтау хатын жолдай келе, Ә.Қашаубаевтың дауысы жазылған үнтаспаны тапқан ғалым Жарқын Шәкәрімнің иығына оқалы шапан жапты. Қазақтың дәстүрімен өнер зерттеушісіне тойдың шашуын қала әкімі де сыйға тартты.

- Ән атасы Әміренің тойы баршамызға қайырлы-құтты болсын! Әміре - қазақ даласын, Париж сахнасын әсем әнмен тербеген асыл перзент. Оның өнері бізге баға жетпес рухани мұра. Ол барша қазаққа ортақ тұлға. Ананың сүтімен дарыған осы өнер қазақ барда ешқашан сөнбейді, - деген қала әкімі Ермак Сәлімовтің лебізіннен кейін, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хаты да оқылды.

Тойдың көркін қазақ күресі мен аламан бәйге қыздырды. балуандар бәсекесінде әр аймақтан келген 12 спортшы бақ сынасты. Ал 25 шақырымға созылған аламанда 30 сәйгүлік сынға түсті. Бас жүлдеге темір тұлпар тігілді. Бұдан басқа гала-концерт ұйымдастырылып, жиналғандарға биыл жарық көрген «Әміре» көркем фильмі ұсынылды. Кеш соңы мерекелік от шашумен түйінделді.

Жақсылық Мұратқали

Поделиться новостью
Следите за новостями zakon.kz в:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: