Залалдар құрамы және оларды дәлелдеу (Венера Төлеутайқызы Қоныс; Қамал Қанатқалиұлы Сабыров; Аяна Токсанбайкызы Бекен)

zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 15.10.2018 16:17 Фото: zakon.kz

Залалдар құрамы және оларды дәлелдеу

 

Венера Төлеутайқызы Қоныс

Қамал Қанатқалиұлы Сабыров

Аяна Токсанбайкызы Бекен

 

Кіріспе

 

Қазақстан тәуелсіздік алғалы мемлекет экономикасында шетелдік инвестициялардың келуімен байланысты едәуір өзгерістер орын алды. Бұл өзгерістер экономикалық қатынастарды реттеудің шетелдік тәжірибесін, соның ішінде шетелдік шарттық институттарды имплементациялауды талап етеді. 2018 жылдан бастап Қазақстанда актілері Англия мен Уэльс құқығының қағидаттары мен нормаларына негізделген «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмысын бастады. Осы орайда қазақстандық заңнамаға ағылшын құқығынан мөлшерлі түрде имплементациялануы мүмкін бірқатар азаматтық-құқықтық идеялар мен конструкцияларды анықтауға бағытталған Қазақстан Республикасының жеке құқығының ауқымды реформасы басталған болатын.

Қазақстан Республикасының заңнама институты мен Әділет министрлігі бірлесе отырып, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына ағылшын және еуропа құқығын имплементациялауға қатысты заң жобасын әзірлеу жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі таңда көрсетілген заң тұжырымдамасының жобасы талқылау мақсатында көпшілік назарына ұсынылып отыр.

Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына ағылшын және еуропа құқығын имплементациялау бойынша заң жобасын әзірлеу барысында бірқатар мәселелер, соның ішінде сот тәжірибесі рөлін күшейту, адалдық және шарт еркіндігі қағидаттарын дамыту, «корпорация» ұғымын енгізу және корпоративтік қатынастарды заң жүзінде реттеу, холдингтік заңнаманы дамыту, тәуелсіз кепілдік туралы нормаларды енгізу, ағылшын шарт құқығының жекелеген институттарын (эстоппель, алдын-ала бағаланған залалдар, индэмнити және т.б.), абоненттік және негіздемелік шарттар конструкцияларын енгізу жөніндегі мәселелер көтерілді. Осылайша, реформа қолданыстағы заңнамаға айтарлықтай революциялық өзгерістерді көздеді, ал бұл өз кезегінен кертартпа ғалым-заңгерлер тарапынан наразылық тудырды. Нәтижесінде жобада ұсынылған кейбір жаңалықтардан бас тартуға тура келді.

Берілген мақалада аталған реформа шеңберінде қарастырылатын мәселелердің бірі, атап айтқанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес залалдарды өндіріп алу мен дәлелдеу тетігін жетілдіру мәселесі қозғалмақ.

Ағымдағы жағдай

Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес залалдар «құқығы бұзылған адам жасаған немесе жасауға тиісті шығыстар, оның мүлкінің жоғалуы немесе зақымдануы (нақты нұқсан), сондай-ақ сол адамның құқығы бұзылмаған болса, дағдылы айналым жағдайында оның алуына болатын, бірақ алынбай қалған табыстары (айрылып қалған пайда)» деп түсініледі. Бұл норма (Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (бұдан әрі - ҚР АК) 9-б. 4-т.) Азаматтық кодекс қабылданған сәттен бері еш өзгертілмеген.

ҚР АК 350-б. 1-т. сәйкес міндеттемені бұзған борышқор несие берушіге оның бұзылуынан туындаған залалдың орнын толтырып беруге міндетті. Міндеттеме бұзушының залалдың орнын толтыруы материалдық нысанда көрініс табады, тиісінше залалдың орнын толтыру мүліктік, өтемақы сипатына ие. Өтемақы сипаты залалдың орнын толтыра отырып, міндеттеме бұзушының жәбірленушінің оған қатысты құқық бұзушылық орын алғанға дейінгі мүліктік жағдайын қайтаратындығынан байқалады.

Залалдарды есептеу және дәлелдеу азаматтық құқықтағы қашан да ең даулы әрі күрделі мәселелердің бірі болатын. Мұның себебі залалдарды анықтау стандарттарының жүйелеуге өте қиын бағынатындығында. Осының негізінде шарт тараптары қолданылуы түсінікті де қарапайым тұрақсыздық айыбы институтын анағұрлым жиі пайдаланатын болды. Дегенмен, тұрақсыздық айыбы институты азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің негізгі түрі болып табылатын залалдың орнын толтыру институтын толық алмастыра алмайды.

Кеңестік құқық залалды өндіріп алу мәселесінде шетелдік құқыққа қарағанда мүлдем өзге ұстанымда еді. Бұл жоспарлы экономикамен және қол қойылған шарттардың орындалуының талап етілуімен тікелей байланысты болатын. Сол себепті кеңестік заңнамада «шарттың іс жүзінде орындалуын залалдың орнын толтырумен алмастыруға тыйым салынғанын» байқауға болады. Ал оның, өз кезегінен, өзіндік орны болды - шарттың іс жүзінде орындалуына кепілдік бере отырып, орындалмаған міндеттеменің баламасына айналмау. [1]

Қазақстанның азаматтық құқығы көптеген институттарды кеңестік құқықтан қабылдап алды. Мәселен, дәлелденген, мөлшері нақты есептелген залалдарды ғана өндіріп алу туралы норма кеңестік құқықтан енген болатын. Бұл орайда проблемалардың басым бөлігі залалдарға қатысты есеп айырысулар жүргізумен байланысты. Бүгінгі таңда залалдардың орнын толтыру туралы талаптарды қою үшін олардың бар екендігін залалдарға қатысты есеп айырысулар жүргізу арқылы дәлелдеу қажет. Бұл ретте айырылып қалған пайданы анықтау үшін борышқордың өз міндеттемелерін орындамағандығының не тиісінше орындамағандығының фактісін, сондай-ақ бұзылған шарттық міндеттемелер мен орын алған залалдардың арасындағы себеп-салдар байланысын дәлелдеу қажет. Бұл залалдар институтын қолдануды қиындата түсетін айтарлықтай күрделі рәсім.

ҚР АК 350-б. 2-т.-да зиянның орнын толтыру мөлшерін шектеуге болмайтындығы көзделген. Алайда бұл норманың мақсатын түсіну айтарлықтай қиындық туғызады. Келіссөздер барысында ымыраға келудің негізгі құралдарының бірі контрагент тәуекелдерін шектеу болып табылады, ал оған, өз кезегінен, жауапкершілікті шектей отырып қол жеткізуге болады. Жауапкершілікті шектеу көбінесе жалпымен танылған халықаралық құралдар шеңберінде көзделген.

ҚР АК 9-б. 4-т. нормасын талқылай келе, залалдың нақты нұқсаннан және айырылып қалған пайдадан тұратындығын байқауға болады. Талапкердің залалды өндіріп алу туралы талап етуі болашақ шығындарға қатысты болған жағдайда, талапкер сотта, мөлшерін және негізділігін куәландыратын есеп айырысуларды қоса алғанда, болжалды шығындарды дәлелдеуге тиіс. Дәлелдеме ретінде кемшіліктерді жоюға арналған шығындар сметасы (калькуляция), жауапкершілік мөлшері белгіленген шарт және т.б. ұсынылуы мүмкін.

Көптеген зерттеушілер залалдарды дәлелдеу процесінің күрделілігін атай келе, қолданыстағы заңнама талаптарының адал несие берушіге елеулі ауыртпалық түсіретіндігіне және залалдың орнын толтыру бойынша толық жауапкершіліктен заң негізінде қашып құтылатын борышқордың кінәсі есебінен адал несие беруші үшін қосымша проблемалар туғызатындығына баса назар аударады. [2]

ҚР АК 350-б. 4-т. сәйкес «айырылып қалған пайданың мөлшерін анықтаған кезде оны алу үшін несие беруші алдын ала қолданған шаралар және осы мақсатта жасалған дайындықтар ескеріледі».[3] Бұл ретте айырылып қалған пайдаға қатысты есеп айырысулар жүргізу процесі болжалды сипатқа ие және бірқатар ерекшеліктерге ие. Біріншіден, несие беруші орын алған міндеттемені бұзушылық айырылып қалған пайданы алмағандықтан болғанын дәлелдеуі қажет. Екіншіден, соттар талапкердің өз залалдарын азайту үшін қабылдаған шараларын, талапкердің залалдарды болдырмаудың шынайы нақты мүмкіндіктерін, оларды болдырмауға қатысты шараларды уақытылы қабылдауын ескеру қажет. Мұның бәрі, қазақстандық судьялардың пікіріне сәйкес, дәлелдеу процесінің күрделі екендігіне әкеліп соғады. [4]

Осылайша, Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралған азаматтық іс бойынша талапкерде залалдарды дәлелдеуге қатысты қиындықтар туындады. Істің мән-жайы келесідей: «Юнид АсГрупп» ЖШС тараптар арасында жасалған жеткізу шарты негізінде қарыздың, тұрақсыздық айыбының, залалдардың сомасын өндіріп алуға қатысты «KATSA» ЖШС-не қарсы талап қойып сотқа жүгінді. Алайда жауапкер өзінің шарттық міндеттемелерін тиісінше орындамаған.

Сот талапкердің жеткізілген тауар үшін жауапкерден ақы өндіріп алу туралы талабын негізді деп тапты. Тура сол сияқты талапкердің жауапкерден тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы талабы да қанағаттандырылуға тиіс болды, себебі талапкердің шарттық міндеттемелерді тиісінше орындамау фактісі іс материалдарымен дәлелденген болатын.[5] Алайда бұдан басқа, талапкер талап қоюда жауапкерден жеткізілген тауар үшін ақыны кешіктіріп төлегені үшін АҚШ доллары курсының теңгеге шаққандағы өзгерісі салдарынан келтірілген залалдарды өндіріп алу туралы талап қойды.

Талапкер дәлелдеме ретінде сотқа шетелдік компаниялармен бағасы шетелдік валютада көрсетілген тауарларды жеткізу туралы жасасқан контрактілерін ұсынды. Ұсынылған дәлелдемелерді зерттей отырып, сот оларды жеткіліксіз деп тапты және ҚР Азаматтық процестік кодексінің 72-б. 1-т. жүгінді. Оған сәйкес «әр тарап өзінің талаптарының және қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге тиіс». [6]

Осылайша, талап тек ішінара қанағаттандырылды. Жауапкерден ақы сомасы мен тұрақсыздық айыбы өндіріліп алынды. Талапкердің залалдарды өндіріп алу туралы талабы қанағаттандырылмады. [7]

Өзге мысалды қарастыралық. «А» ӨК «Бұқар-Жырау ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ қарсы 67 560 942 теңге мөлшеріндегі соманы өндіріп алу туралы талап қойып сотқа жүгінді. Құрылыс бөлімі жобалық-сметалық құжаттама негізінде «А» ӨК-мен «Қарағанды обл. Бұқар-Жырау ауданы Көкпекті ауылында 49 тұрғын үй тұрғызу» объектісі бойынша жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шартқа қол қойды. Қайта монтаждау жұмыстарының құны шартқа енгізілмеген.

«Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2016 жылғы 9 тамыздағы шешімі негізінде талап қою қанағаттандырылды. Құрылыс бөлімінен «А» ӨК пайдасына 67 560 942 теңге сомасындағы залалдар өндіріліп алынды. Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2016 жылғы 22 қарашадағы қаулысымен сот шешімі өзгертілді. «А» ӨК пайдасына Құрылыс бөлімінен өндіріліп алынған залалдар сомасы 67 560 942 теңгеден 38 000 000 теңгеге төмендетілді.

Бірінші сатыдағы сот талаптарды қанағаттандыруды және залалдар сомасын өндіріп алуды жүзеге асыру барысында «А» ӨК іс жүзінде жүргізген қайта монтаждау жұмыстарын қаржыландыру мәселесін шешпеген келтірілген зиян үшін Құрылыс бөлімін азаматтық құқықтық жауапкершілікке тарту үшін негіз бар деп уәждеді.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың залалдарды өндіріп алу үшін негіздердің бар екендігіне қатысты қорытындыларымен келісе отырып, сондай-ақ ҚР АК 8-б. нормасы негізінде сотпен өндіріліп алынған соманы азайтты».[8]

Алайда Жоғарғы Соттың сот алқасы апаттық жағдайдағы үйлерді қайта монтаждау бойынша «А» ӨК атқарған жұмыстары үшін ақы төлеу жөніндегі міндеттемені Құрылыс бөлімі бюджетті орындау бойынша орталық уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінде тіркелуге жататын азаматтық-құқықтық мәміле жасасқаннан кейін ғана өз мойнына алуға құқылы болды деген тоқтамға келді. «А» ӨК міндеттемелердің жоқ екендігін біле тұра, тиісті шартқа қол қоймай және аталмыш жұмыстарды қосымша қаржыландыру көзінің жоқ болуына қарамастан, апаттық жағдайдағы үйлерге қайта монтаждау жұмыстарын жүргізді.

«Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2016 жылғы 22 қарашадағы қаулысының күші тоқтатылып, «А» ӨК-нің Құрылыс бөліміне қатысты соманы өндіріп алу туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылды». [9]

Аталмыш мысалдағы алдында сотпен өндіріліп алынған залалдар сомасын азайтқан апелляциялық сатыдағы сот ұстанымы қызығушылық тудырады.

Бұл ретте айта кету қажет, міндеттеменің бұзылуы мен келтірілген залал арасындағы себеп-салдар байланысын анықтау қажеттілігі кез-келген құқықтық жүйеде дәлелденуге жатады. Алайда бұл посткеңестік кеңістіктегі заңгерлер үшін ерекше өзекті. Оның себебі заңнаманың жетілмегендігімен емес, көбінесе осы байланыстарды анықтау үшін қажетті құралдардың жоқтығымен байланысты.

Залалдарды анықтау проблемасын өзге тиімді институттарды, мәселен, «дерексіз залалдар» тетігін енгізу арқылы шешуге болады. Бұл конструкция шарт бұзылған жағдайда пайда болған залалдарды шартта бекітілген баға мен ағымдағы баға арасындағы айырмашылық түрінде есептеу жөніндегі қағида болып табылады. Нәтижесінде дерексіз залалдарға қол жеткізу үшін жәбірленуші тарап тек шарт күшінің мерзімінен бұрын тоқтатылғандығын, ағымдағы бағасы мен шарттық бағасын дәлелдеуі қажет.

Дерексіз залалдар мен залалдарды дәлелдеудің дерексіз өлшемшарттарын шатастырмаған жөн. Соңғысы «орнын толтыруға жататын залалдардың мөлшерін сот істің барлық мән-жайларын ескере отырып, әділдік және жауапкершілік сәйкестігі қағидаттарын негізге ала отырып анықтайтын» тәсілді білдіреді.[10]

Дерексіз залалдар жәбірленуші тарап құқықтарын қорғаудың тиімді тәсілі болып табылады. Дерексіз залалдардың жәбірленуші тарап үшін оң әсері жайлы В.С. Евтеев пікір қалдырған болатын. Оған сәйкес «біріншіден, қисынды баға ағымдағы баға болуы әбден ықтимал, екіншіден, алмастырушы мәміле жасасу залалдарды азайту шарасы ретінде қарастырылады және сол себепті, жалпы алғанда, бір жағынан, залалдар өтемақысының толықтығына, екінші жағынан, алмастырушы мәміле бойынша шығындар орнының толтырылуына кепілдік береді. [11]

Проблеманың сипатталуы

Бүгінгі күні дерексіз залалдар институты халықаралық практикада өз бекімін әлдеқашан тапқан. М.И. Брагинский мен В.В. Витрянский айтуынша, соттар қолданыстағы жалпы нормаларға орай онсыз да мүдделі тараптың талап етуі бойынша шарттық және ағымдағы бағаға қатысты есеп айырысу қағидасын қолдана алады.[12] Дегенмен, дерексіз залалдарға қатысты есеп айырысуларды заңнамалық бекіту аталмыш құралды құқықтық қолданудың анықтығы мен ашықтығы мақсатында қажет.

Дерексіз залалдарды қазақстандық заңнамаға енгізу залалдарды анықтау проблемасын шешуі мүмкін. Қазіргі таңда бұл мәселе толықтай шарт бойынша жәбірленуші тарапқа жүктелген. Дегенмен, дерексіз залалдар сонымен бірге аталмыш ұғымды азаматтық заңнамаға енгізбес бұрын шешілуі тиіс бірқатар даулы мәселелерге де әкеп соғуы мүмкін.

Жоғарыда келтірілгендей, дерексіз залалдар қызмет көрсетулер, тауарлар мен жұмыстардың шарттық және ағымдағы нарықтық бағалары арасындағы айырмашылыққа тең сома ретінде есептелінеді. Мұндағы ерекше атап өтетін жайт, ағымдағы баға шарт күшін тоқтатқан кездегі жағдай бойынша анықталады, осының салдарынан жәбірленуші несие беруші тиісті жұмыстардың, қызмет көрсетулер мен тауарлардың нарықтық бағасы өзіне тиімді деңгейге көтерілгенге дейін шарт күшін тоқтатуды кейінге қалдыра беруі мүмкін. Сондықтан А.Г. Карапетов пікіріне сүйенсек, ағымдағы баға шарт бұзылған кездегі жағдай бойынша анықталуы тиіс.[13]

Бұл мәселені де пікірталас тудыратын мәселелердің қатарына жатқызуға болады, себебі Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында адалдық презумпциясы қолданылады және, сәйкесінше, заңнамалық реттеу барысында бастапқы кезден-ақ несие берушінің адал емес әрекет етуі мүмкін деген ұстанымға сүйенуге болмайды.

Келесі даулы мәселе залалдар фактісі дәлелденген жағдайда, залалдардың нақты сомасын анықтау мүмкіндігі болып табылады. Бұл жағдайда ең дұрысы - залалдардың мөлшерін айқындау құқығын сотқа беру. Залалдардың мөлшерін тараптар ұсынған дәлелдемелерді бағалау арқылы анықтау мүмкіндігін сотқа беру олардың нақты мөлшерін айқындау мүмкін емес жағдайларда, залалдарды дәлелдеу процесін айтарлықтай жеңілдете түсетін еді.

Қорытындылар мен ұсыныстар

Қазақстан құқығында залалдарды анықтау мен дәлелдеу саласында елеулі жетіспеушіліктер байқалады. Осыны ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында залалдарды өндіріп алу мен дәлелдеу тетігін жетілдіру қажет.

Біріншіден, мынадай қағиданы бекіту қажет. Оған сәйкес, егер залалдар мөлшерін залалдардың дәлелдемесі бола отырып, анық белгілеу мүмкін емес болған жағдайда, оның мөлшерін анықтау сот арқылы іске асырылуы тиіс. Бұл залалдардың орын алу фактісі күмән тудырмаған, алайда тарап сотты қанағаттандыратындай залалдың мөлшеріне қатысты тиісті есеп айырысуларды ұсына алмаған жағдайда, залалдарды анықтауға қатысты проблеманы жояды. Аталмыш шаралар құқық қолданушылық тәжірибе тұрғысынан қайта ой жиегінен өткізіле отырып және заң жүзінде көрініс таба алмайтын көптеген қисынды конструкцияларды қатар қолдана отырып іске асырылуы тиіс.

Екіншіден, дерексіз залалдар тетігін енгізу қажет. Оған сәйкес залалдар мөлшері шарт бұзылу сәтіндегі шарттық баға мен нарықтық баға айырмашылығына тең болып белгіленеді.

Берілген конструкцияларды енгізу перспективасы Әділет министрлігі әзірлеу үстіндегі кәсіпкерлік заңнаманы жетілдіру шеңберінде ағылшын және еуропа құқығының жекелеген ережелерін имплементациялау жобасында көзделген. Аталмыш құқықтық конструкцияларды енгізу сотта залалдарды дәлелдеумен және олардың мөлшерін анықтаумен байланысты проблеманы шешуге оң септігін тигізеді.

 

 

[1] См.: Сятчихин А.В. Определение размеров убытков в советском гражданском праве // Вестник пермского университета. юридические науки. 2016. №1. С.74-81. - с.74.

[2] Либанова С.Э. Тактика доказывания убытков в арбитражном процессе // Вестник ЮУрГУ, №13, 2006. С.274-278.

[3] Гражданский кодекс Республики Казахстан от 27 декабря 1994 года № 268-XIII // ИПС «Әділет» https://adilet.zan.kz/rus/docs/K940001000_ (Дата обращения: 12.03.2018).

[4] Биманова Ж. Возместить упущенную выгоду // https://www.zakon.kz/4895908-vozmestit-upushchennuyu-vygodu-zhuldyz.html (Дата обращения: 12.03.2018).

[5] Гражданское законодательство. Статьи. Комментарии. Практика. Вып. 52: Үлгі: Купля-продажа. Трудовые споры / под ред. К.А. Мами, А.Г. Диденко - Алматы: 2017. - Вып. 52. - 204 с.

[6] Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан от 31 октября 2015 года № 377-V ЗРК // ИПС «Әділет» https://adilet.zan.kz/rus/docs/K1500000377 (Дата обращения: 26.03.2018).

[7] Гражданское законодательство. Статьи. Комментарии. Практика. Вып. 52: Үлгі: Купля-продажа. Трудовые споры / под ред. К.А. Мами, А.Г. Диденко - Алматы: 2017. - Вып. 52. - 204 с.

[8] Бюллетень Верховного Суда Республики Казахстан №11/2017. - 100 с. - С.64.

[9] Бюллетень Верховного Суда Республики Казахстан №11/2017. - 100 с. - С.64.

[10] Останина Е.А., Тараданов Р.А. Компенсация за нарушение исключительного права на товарный знак в системе внедоговорных обязательств // Обязательства, возникающие не из договора: сборник статей / под ред. М.А. Рожкова. - М.:Статут, 2015.

[11] Евтеев В.С. Доказывание наличия и размера убытков при поставках продукции // Законодательство. 2000. №7. С. 27.

[12] Брагинский М.И., Витрянский В.В. Договорное право. Кн.1: Общие положения. 2-е изд. - М., 2003. С.123.

[13] Нақтырақ: Карапетов А.Г. Средства защиты прав кредитора в свете реформы действующего гражданского законодательства // Вестник гражданского права, - 2009. №4.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Поделиться новостью
Следите за новостями zakon.kz в:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: