К?мелет жасқа толмағандардың қылмыстық жауаптылығы

Кəмелет жасқа толмағандардың қылмыстық жауаптылығы

 

Кəмелет жасына толмағандардың құқық бұзушылық үшін жауапкершілгі жайлы мəселе қоғам өмірінде «қылмыстылықпен» күресті шешуде маңызды орын алады. Кəмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығы жəне жазалау мəселелері ҚР Қылмыстық Кодексінің VI бөлімінде қарастылған.

ҚР ҚК-нің «Кəмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығы» жөніндегі бөлімінің 78 бабының 1 бөлігінде «Кəмелетке толмағандар деп - қылмыс жасаған кезге қарай жасы он төртке толған, бірақ он сегізге толмаған адамдар танылатындығы» белгіленген. Сот кəмелетке толмағандар жасаған қылмыстар туралы істерді қарау барысында кəмелетке толмаған адамның жас шамасын дəл анықтауға шаралар қабылдауға міндетті. Адам белгілі бір жасқа дəл туған күні емес, келесі тəуліктен бастап толған болып есептеледі. Жас мөлшерін соттық медициналық сараптама бойынша анықтағанда, сотталушының туған күні болып сарапшы атаған жылдың соңғы күні есептелуі қажет, ал жас шамасын ең төменгі жəне ең жоғарғы жылдар арқылы белгілегенде, ондай адамның сараптама ұсынған ең төменгі жасына табан тіреу керек.

ҚР ҚК-нің 14 бабына сай қылмыстық жауаптылыққа есі дұрыс, кодексте белгіленген жасқа толған жеке адам ғана тартылуы тиіс деп көрсетілген. Сонымен қатар қылмыс жасаған кезде он алты жасқа толған адам қылмыстық жауаптылыққа тартылады деп 15 бабының 1 бөлігінде баяндалған. Жоғарыда аталғандай кəмелетке толмағандардың қылмыстық жауапкершілігі ҚР Қылмыстық Кодексінің нормаларымен реттеледі. ҚР Қылмыстық Кодексі бойынша қылмыстық жауапкершілік он алты жастан, тек кейбір қылмыстар үшін ғана кəмелетке толмағандар он төрт жастан қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны белгілі. ҚР Қылмыстық Кодексінің 15 бабына сəйкес қылмыс жасаған кезде он төрт жасқа толған адамдар кісі өлтіргені, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені, ауырлататын мəн-жайлар кезінде денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зардап келтіргені, зорлағаны, жыныстық сипаттағы күштеу əрекеттері, адамды ұрлағаны, ұрлық жасағаны, кісі тонағаны, ұрып-соққаны, қорқытып алғаны, ауырлататын мəн-жайлар кезінде мүлікті қасақана жойғаны немесе бүлдіргені, терроризм, адамды кепілге алуы, террористік акті туралы біле тұра көрінеу өтірік хабарлағаны, қару - жарақты, оқ-дəріні, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды ұрлағаны не қорқытып алғаны, ауырлататын мəн-жайлардағы бұзақылығы, есірткі заттарды немесе жүйкеге əсер ететін заттарды ұрлағаны не қорқытып алғаны, ауырлататын мəн-жайлар кезінде қайтыс болған адамдардың мүрдесін жəне олардың жерленген жерлерін қорлағаны, көлік құралдарын немесе қатынас жолдарын қасақана жарамсыз еткені үшін қылмыстық жауапқа тартылуы тиіс. Кінəлі тұлға жасаған қылмыстары үшін жауапқа тартылып, заң алдында əділ жазасын алады. Он төрт жас - əлеуметтік психикалық дамудың белгілі бір деңгейде қалыптасқанын көрсететін жас болып табылады. Яғни, он төрт жастағы жасөспірім ұжым, қоғам алдында жауапкершілігін сезіне алатын, достық, атақ, əділдікті түсіне алатын, өз ойлау қабілеті мен өз тұрғысынан баға бере алатын дəрежеде болады. Олар өзінің əрбір жат қадамының зардабын, оның кері əсерін осы жаста сезіне алатындықтан, заң оларға жат қылығы үшін моральдық жəне құқықтық жауапкершілік жүктеп, қылмыстық жауапкершілікті он төрт, он алты жастан белгілейді.

Жасы толмағандардың қылмыстық жауапкершілігі жоғарыда атап өткендей ҚР ҚК нормаларымен реттеледі. Кəмелетке толмағандардың қылмыстық жауапкершілігі оларға қолданылатын қылмыстық заңдардың ерекшеліктерімен ерекшеленеді.

Қылмыспен күрес əрбір істелген қылмыс пен кінəлі адамға қатаң түрде жекелей əсер еткенде ғана тиімділігін берері сөзсіз. Кінəлі балалардың жеке басымен істелген қылмыстың барлық ерекшеліктерін жан-жақты есепке алу қылмыстық жауапкершіліктің түрін, жазалаудың мөлшерін, қоғамдық əсер ету нысанын тағайындауға айқындық береді. Сонымен қатар құқық бұзушыны тəрбиелеу үшін қандай тиімділік беретінін ашып көрсетеді.

Егер қылмыстық жауапкершілікке бірнеше адам тартылатын болса, олардың əрқайсысының жасалынған қылмысқа қатыстылығын, қылмысты істеу барысында қандай рөл атқарғандығын анықтайды.

Қылмыстық жауапкершілік - кез-келген адамның құқық пен істеген қылмысына заң алдында міндетті түрде жауап беруі. Жаза - қылмыс істеген адамға соттың шешімімен мемлекеттік нақты шара қолдану, оны орындауға мəжбүрлеу. Жаза қылмыстық жауапкершілікке тартудағы ең басты нысаны болса, келесі бір қылмыстық жауапкершілікке тарту нысаны кəмелетке толмағандарға қатысты тəртіптік сипаттағы еріксіз шаралар болып табылады.

Жасы толмағандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту өз ерекшеліктерімен ерекшеленеді. Бұл ерекшеліктер оларға қолданылатын қылмыстық құқықтық шалалардың белгілі бір дəрежеде ғана іске асатындығын айқындай түссе керек. Яғни, кəмелетке толмағандарға өлім жазасы, өмір бойына бас бостандығынан айыру сияқты жазалар қолданылмайды жəне тағайындалатын бас бостандықтан айыру жазасы он екі жылдан аспауы тиіс екендігін айқындайды. Қылмыстық кодекс кəмелетке толмағандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін олардың есінің дұрыстығын тексеруді міндеттейді.

Қоғамға қауіпті іс-əрекет жасағаны үшін санасы мен ерік-жігері бар, есі дұрыс адамдар ғана қылмыстық жауаптылыққа тартылады, яғни, қылмыс субъектісі болып табылады. Тек осындай адамдар ғана не істегенін түйсініп жəне өз іс-əрекетін басқара біледі. Ал мұндай қабілеті жоқтар яғни істеген əрекетінің қауіптілігін сезбейтіндер, сезінсе де өз əрекетін басқара алмайтындар есі дұрыс еместер деп саналады да, қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды.

Қандай да болсын психикалық ауытқуы бар жасөспірім қоғамға қауіпті əрекет жасау кезінде өзінің əрекетіне баға бере алмай, өзін-өзі басқара алмайды. Мұндай жағдайда егер кəмелетке толмаған есі дұрыс емес деп танылса, оны қылмыстық жауапкершілікке тарту орнына соттың шешімімен арнаулы медициналық сипаттағы шара қолданылады. Жас болсын, жасы толмаған болсын оның қылмыстық əрекетті қасақана жасағанын, кінəсін анықтау кез-келген жағдайда міндетті болып табылады. Кінəні анықтау қылмыстық жауапкершілікті тағайындауда басты рөл атқарады. Кінəлі болса қылмыстық жауапкершілікке тартылады, ал кінə дəлелденбесе, жауапкершілік өздігінен күн тəртібінен түседі.

Қандай да болсын қылмыстық жаза - кəмелетке толмағандардың құқық бұзушылығын болдырмау, қайта тəрбиелеу мен дұрыс жолға салуға өз септігін тигізеді. Кəмелетке толмағандарға тағылатын қылмыстық жаза оның сана сезіміне əсер етіп, өзінің істеген əрбір қадамына сынмен қарауына, қоғамға жат əрекетті екінші рет қайталап жасамауына, заңды бұзбауына жол ашады.

Кəмелетке толмағандардың қылмыстарын болдырмау үшін күрестің маңызы оның нəтижесінен көрінері сөзсіз. Жалпы құқық бұзған жасөспірім болсын, қылмыс жасаған кəмелетке толмаған болсын, олардың қоғамға жат əрекеттерінің қауіптілігін, зиянын анықтау арқылы жаза тағайындау немесе ата-ана қарауына беру, арнаулы мекемелерге жіберу - қылмыстық заңның əділдігін паш етеді.

 

 

Қарағанды облысының қылмыстық істер

жөніндегі мамандандырылған

ауданаралық сотының

бас маман-сот отырысының хатшысы

Г. Каратаева

 

 

zkadm
0
Показать комментарии
Главная Топ LIVE Все
Будьте в тренде!
Включите уведомления и получайте главные новости первым!

Уведомления можно отключить в браузере в любой момент

Подпишитесь на наши уведомления!
Нажмите на иконку колокольчика, чтобы включить уведомления