100 нақты қадам – ұлт жоспары
100 нақты қадам - ұлт жоспары
Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде алдағы уақытта «Мемлекеттік құрылыстың одан арғы 100 нақты қадамы» атты Ұлт Жоспарын ұсынатынын айтқан болатын. Елбасының бұл жоспары халықтың назарына Ұлт Жоспары - «100 нақты қадам» деген тақырыппен ұсынылды.
«100 нақты қадам» елімізде «2050 - Стратегиясын» жүзеге асыру мен Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға бағытталған.
Жоспардың қоғамда мемлекетіміздің тарапынан қабылданған заңдардың үстемдігін қамтамасыз ету мәселелері қамтылған. Осыған байланысты аталған құжаттың 19 қадамы мемлекетіміздің сот-құқықтық жүйесін дамытуға арналған.
Бұл елімізде заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, оның ішінде еліміздегі сот қызметінің беделін көтеруге, судьялардың қызметіне деген халықтың сенімін арттыруға, сонымен қатар, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу талаптарын қатайтуға бағытталып отырғанын көрсетеді.
Судьялыққа үміткерлердің бұл жауапты қызметке 30 жастан бастап кірісуін белгілеу, сот істерін жүргізуге қатысудағы 5 жылдық өтілі болуының, кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру үшін ахуалдық тестілер жүйесін енгізу, судьялыққа үміткерлердің соттарда стипендия төленетін бір жылдық тағлымдамадан өтуі, одан соң судья бір жылдық сынақ мерзімінен өтуі қажеттілігі қарастырылған. Судья лауазымына үміткерлерге қойылатын жаңа талаптардың күшейтілуінің түпкі мақсаты - судьяларды тағайындау, судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету және олардың жауапкершілігін көтеру арқылы болашақта сот корпусының сапалы құрамын жақсарту. Стратегиялық жоспарда көрсетілген сот билігінің халық үшін ашық әрі қолжетімді болуы, судьялардың есеп беру тәртібін күшейту, барлық сот процестеріне үн-бейне жазба құрылғыларын қолдануы, алқабилер соты қолданылатын салаларды кеңейту - соттардың халыққа бір қадам жақын болуы бағытында жасалып жатқан шаралар болып табылады.
Бұл жоспар біліктіліктің, елдің ертеңі, халықтың тағдыры үшін жауаптылықтың, көрегендіктің айғағы, негізгі мақсаты аурулардың сыртқы белгілерін сылап-сипап қою емес, оларды жүйелі емдеуге бағытталған.
Бұл құжатта маңыздылығы жөнінен 1-ші көтерілген мәселе мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға, ондағы жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын-алуға және сауықтыруға бағытталған.
Ұлт жоспарының қоғамда заңның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған бөлігінде мемлекетіміздің сот жүйесін реформалауға қатысты өзекті мәселелер қамтылған.
Ұлт жоспарының жүзеге асырылуының бірден-бір айғағы - сот жүйесінің халыққа қолжетімді болуы, сот жүйесі инстанцияларының азайып, яғни оңайлатылып, үш сатылы: бірінші, апелляциялық, кассациялық сот төрелігіне көшуі.
Сот жүйесіндегі жаңа өзгерістер қоғамның сот қызметіне деген сенімін арттырып келеді. Бұл мәселеге Елбасының да ұдайы көңіл бөліп отыруы судьяларға үлкен жауапкершілік жүктейді.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер
жөніндегі мамандандырылған ауданаралық
сотының төрағасы Н.Т.Сұлтанов