Сот жүйесінің озық бағдарламалары
Zakon.kz
Сот жүйесінің озық бағдарламалары
2018 жыл басында еліміздің сот жүйесінің даму жолында елеулі өзгерістер орын алды. Жоғарғы Сот тарапынан сот жүйесіне бірқатар стратегиялық тапсырмалардан тұратын «Сот жүйесінің 7 түйіні» атты жоба жол тартты. Бұл жоба өз кезегінде сот жүйесінің жұмысын оңтайландыру және сот төрелігіне қолжетімділікті арттыру бағытында қызмет атқаруды көздеді.
«7 түйін» жобасының жұмысы
аясында жекелеген тапсырмалар жіктеп жасақталды.
Нақтырақ тоқтала кетсек, Жоғарғы Сот Басшысы бірінші түйінді - Әділдік деп белгілеп, бұл бағытта «Мінсіз судья» жобасын іске қосты. Яғни, судья лауазымына үміткер кандидаттарды іріктеу жұмысы күшейтілді. Судьялыққа үміткерлер алдында жоғарғы біліктілікті талап ететін күрделі сынақтар мен сатылар бекітілді.
«Екінші түйін» - судьялардың тәуелсіздігі мен жауаптылығы. Бұл бағытта «Үлгілі сот» жобасы іске асырылды. Республика соттарында халық үшін ыңғайлылық пен қолжетімділік негізде құрылған фронт- кеңселер ашылды. Тек Астана қаласы бойынша 8 сотта фронт-кеңселер ашылды. Соттардың қызмет көрсету сапасы артып, кеңсе жұмысы ашық кеңістік қағидатымен жұмыс жасап жатыр. Фронт-кеңселер цифрлы кезек, мемлекеттік баж төлейтін терминалмен, адвокат, медиатор отыратын арнайы бөлмелермен жабдықталған. Сондай-ақ, Астана қаласында 2018 жылдың сәуір айында «Судьялар көмекшісі» жобасы іске қосылып, сот мамандары арасынан көмекшілер тағайындалды. Жоба аясында шағымдар азайып, сот төрелігінің сапасы жоғарылады.
«Үшінші түйін» - сот төрелігінің тиімділігі. Мұнда «Әділ процесс» жобасы жол бастап, соттардың жүктемесінің төмендеуі бағытында бірқатар заңға өзгерістер енгізу сұрағы қарастырылды. Кейбір санатты даулар бойынша қысқартылған іс жүргізуге қатысты іс-әрекеттерді прокурорлар мен нотариустардың құзырына өткізу, сот ооындаушылардың актілеріне санкция беруді қысқарту туралы заңға өзгерістер енгізу ұсынылды. Сот жүйесінің барлық жаңашылдықтарын қамтитын 11 заң жобасы жасақталып, бүгін оның екеуіне Мемлекет басшысы қол қойды.
«Төртінші түйін» - Smart sot немесе Е-СОТ. Атының өзі айтып тұрғандай, бұл бағытта автоматтандырылған электронды сот өндірісі қолға алынды. Ең алдымен қолданыстағы «Сот кабинеті» ақпараттық сервисі негізінде барлық іс жүргізу электронды түрде жүзеге асады. Тараптардың талап арыздары мен өтініш-тілектері барлығы дерлік электронды түрде тапсырылады. Сот отырыстары аудио-бейне таспаға жазылып, жазбаша хаттама электронды хаттамамен алмастырылды. Денсаулық жағдайына немесе өзге де тұрмыс-тіршілігіне байланысты келе алмаған, өзге қаладағы тараптар, олардың заңды өкілдері сот процесіне қашықтықтан қатысу мүмкіндігіне ие болды. Процесстер бейнеконференцбайланыс арқылы өтеді. Мұның барлығы азаматтар үшін қолайлылық тудырып отыр. Жаңа реформалар желімен кез-келген азамат еш шығынсыз, уақытын үнемдей отырып, сот отырыстарына қатысады. Цифрлану тұтастай алғанда соттардың ашықтығын, жариялылығын, мөлдірлігін көрсетуді мақсат тұтады.
«Бесінші түйін» - Оңтайлы орта аталып, ол халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қоғам мен соттар арасындағы тиімді қарым қатынасты қамтыды.
Сапалы нәтиже бағдарламасымен бастау алған «Алтыншы түйін» сот актілері мазмұнының түсінікті, қарапайым тілмен жазылуын, сондай-ақ тараптарға сот актілерін түсіндіру жұмысын жүргізуді қамтыды. Сот актілерінің жаңа форматы қарапайым адамға түсінікті форманы қалыптастырды. Жарияланған сот актілерінің заңды тұрғыда қабылдану негіздері тараптарға түсіндірілу негізінде апелляциялық шағымдар саны азайды.
«Сотқа дейін, сотта татуласу» бағдарламасын «Жетінші түйін» қамтыды. Жоба аясында көптеген соттан тыс татуласу орталықтары жұмыс жасап жатыр. Соттарда «Татуластырушы судья» жобасы іске қосылды. Татуластыру орталықтарында медиаторлардың көмегімен шешілген даулар нәтижесінде шешімі бар істер сотқа жетпейді. Яғни, бұл да өз кезегінде сот жүктемесінің азаюына септігін тигізіп отыр.
Сондай-ақ, сот жүйесінің жаңалануы, дамуы, қоғамның сотқа сенімін арттыру мақсатында Жоғарғы Сот «Түнгі сот», «Отбасылық сот» пилоттық жобаларын іске қосты.
«Түнгі сот» пилоттық жобасы алғаш рет Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында енгізілді.
«Түнгі сот» жобасының шеңберінде ӘҚБтК-нің 610 бабымен қарастырылған көлік құралдары жүргізушілерінің жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтіруге, көлік құралдарының немесе өзге де мүліктің бүлінуіне алып келген бұзушылығы бойынша әкімшілік материалдар, 73, 73-1, 73-2-баптары бойынша отбасылық-тұрмыстық құқықтық қатынастар, сондай-ақ, ӘҚБтК-нің 517-бабы бойынша шетел азаматтарына қатысты көші-қон заңнамасы саласындағы істер қаралады. Яғни, осы санаттағы істер сол күні жеделдетіп қарау және шетелдіктердің қосымша шығын шығармай әрі кідірмей елден кетуі үшін оларға хаттама әуежайда толтырылады.
Жоба іске асырылған уақыттан бері жалпы тәртіппен қаралған әкімшілік істердің саны қысқарды. Мұның өзі сот төрелігін жүзеге асырудың нәтижелеріне оң әсер етті. Судьялардың күндізгі уақыттағы жүктемесі азайды. Осыдан барып әлдеқайда күрделі істер бойынша жұмыстың сапасы жақсарып, өзге істер бойынша апелляциялық шағымдардың саны кеміді.
Жоба енгізілмес бұрын жол-көлік оқиғалары бойынша әкімшілік істер 3 ай мерзімде қаралып, кейін сақтандыру төлемдерін 100 күн көлемде қолға алатын. Әрине, осы уақыт аралығында көлік жүрмей, тараптар үшін көптеген қиындықтар туғызатын. Жоба айырмашылығы, әкімшілік іс бойынша материал 3 күнде қаралады, сотқа қатысушылар сот қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін он бес тәуліктің ішінде өздерінің сақтандыру төлемдерін ала алады. Сот отырысы адамдардың жұмыс уақытынан тыс, яғни кешкі уақытта өткізіледі.
Сонымен қатар, аталған істер бойынша әкімшілік материалдарды қарау кезінде сақтандыру компаниялары «Түнгі соттың» қаулысы негізінде сақтандыру жағдайларына байланысты сот актісінің заңды күшіне енуін күтпей-ақ, бағалау жүргізе алады. Бұл азаматтарға келтірілген зиянның орынын тез толтыру үшін жасалып отырған нақты көмек болып табылады.
Келіп түскен әкімшілік материалдарды сол күні қарау адамдардың сот жүйесіне деген сенімдерін нығайта түсуде. Осының өзі қолға алынып отырған ілкі жобаның тиімділігі мен өміршеңдігін дәлелдей түседі.
Жоғарыда атап өткендей, түнгі соттар істі басқа күнге қалдырмай тез шешіп, уақытты үнемдеумен қатар, заңдылықты қалпына келтіреді. Яғни, істің жылдам қаралуын қамтамасыз етіп, сот әділдігін орнатуға ықпал етеді. Өйткені, оқиғаның ізі суымай қаралуы азаматтарға да ыңғайлы.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты «Түнгі сот» жобасы бойынша әрбір әкімшілік материалдарды қарар кезде қатысушы тараптардың пікірлерін сұрауды тәжірибеге енгізді. Аталмыш тәжірибе көрсетіп отырғандай, азаматтар тарапынан оң пікірлер білдіріліп, олар өздерінің еш кезексіз, кешкі мезгілде қажетті құжаттарды толтырып, мәжіліс залына бірден өтетінін айтады.
Сотқа қатысушы жақтардан теріс пікірлер болмауының өзі, «Түнгі сот» жұмысының тиімділігі мен қолайлылығын аңғартады.
Жоба аясында жұмыс жеңілдеп, адамдардың наразылықтары мен даулы жағдайлар саны азаюы нәтижесінде жоба жұмысына жұмылдырылған мемлекеттік органдар бір ауыздан «Түнгі сот» жұмысын заңды бекітуді қолдап отыр.
Сондай-ақ, жобаға қатысушылар көп жағдайда тараптарға іздеу салу мәселесі туындайтынын, ал жоба шеңберінде істердің тез қаралуы аталмыш проблемалық мәселені жоятынын айтуда. Түнгі сотқа хаттаманы толтырып болғаннан кейін тараптарды сотқа бірден ізін суытпай алып келу, өз кезегінде олардың соттан қашуына жол бермейтінінің кепілі болып табылады. Мұның өзі сотқа мәжбүрлі түрде әкелу туралы қаулылар санының азаюына мүмкіндік береді.
Әрине, көпшіліктің ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, жобаны халыққа қызмет ету үшін одан әрі жетілдіре түсу мүмкіндіктері ҚР Жоғарғы Сотпен қарастырылуда.
Сот жүйесіне енгізілген барлық жаңашылдықтар мен даму жолдары сапалы сот корпусының құрылып, әлемдік дамыған елдер қатарынан көрінудің бастамасы.
Халықаралық стандарттар мен қоғам талабына сай жоғары кәсіби сот жүйесі жыл сайын тың бағыттарды бағындырып, жаңа сатыға өтетініне сеніміміз мол!
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот төрағасы
Уалихан Рахматуллаев