Биыл Алматыға келетін туристер саны 20%-ға артады

Zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 21.04.2016 21:18 Zakon.kz
2017 жылы өтетін дүбірлі додаға дайындық жоспарлы түрде өтіп жатыр.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қысқы Универсиада ойындарына дайындық барысын тексерді. Қала басшысы қысқы Универсиада ойындарына арналған нысандар Алматыны халықаралық туризм кластері ретінде танытатынын атап өтті. Сонымен қатар, әкім Алматыда 16-шы рет өткізіліп жатқан «Туризм және саяхат» халықаралық көрмесінде болды. Бұл шара Орталық Азияда теңдессіз жоба саналады. Биыл 50-ден астам мемлекет қатысып отыр. Бірақ көрме залының басым бөлігін қазақстандық туристік агенттіктер жайлаған, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.

Универсиада нысандарын аралаған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын орындау мақсатында дүбірлі додаға жұмсалатын қаржының қысқартылғанын тілге тиек етті. Бірақ оның спорттық жарыстар бағдарламасына әсер етпейтінін, шара халықаралық стандарттарға сай өтетінін мәлімдеді. Алдағы Универсиада қазірдің өзінде қала экономикасының қарқынды дамуына түрткі болып отыр. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Алатау және Медеу аудандарының инфрақұрылымы дамиды. Қала басшысы жиыннан кейін Универсиада нысандарын аралады. Басталуына 9 ай уақыт қалса да, құрылыс жұмыстары жоспар бойынша атқарылып жатыр. Барлық нысандар қыркүйекте қолданысқа берілмек. Бауыржан Байбек қысқы Универсиада ойындары Алматыны спорт және туризм орталығы ретінде танытатынын айтты.

"Біз Алматыны туристік қалаға айналдыруымыз керек. Осы мәдениетті қалыптастырсақ, сол кезде туристер де ағылады. Туризмді дамыту - әр алматылықтың идеологиясы мен пәлсапасына айналуы қажет",- деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

Алматының туристік аймаққа айналу мәселесі "Атакентте" өткен 16-шы халықаралық туристік көрменің де негізгі тақырыбына айналды. Көрме залының 6 мың шаршы метр аумағына бүкіл әлем сыйып кеткендей. Туристік агенттіктер, әуе компаниялары, люкс қонақ үйлер мен ұлттық парктер өкілдері осында кездесіп, алдағы маусымның туристік бағыттарын және турпакет түрлерін талқылап жатыр.

"Бұл көрме өзара қарым-қатынас құруға арналған депр айтсам қателеспеймін. Осы жерде туризм саласын қалай дамытуға болатыны айтылады, ұсыныстар мен жоспарлар талқыланады. Мұнда біз ұлттық саябақтар көрсетілген стенділерді көріп отырмыз. Коммерциялық ұйымдарды көріп отырмыз. Олар осы саланы, сапалы қызметтер мен сервисті дамытуға құлықты",- деді көрме жобаларының жетекшісі Виктория Павленко.

Биылғы көрмеде Қазақстанның алар орны ерекше. Мамандардың айтуынша Орталық Азия туристерін біздің еліміз баға саясаты жағынан қызықтырып отыр. Өткен жылы оңтүстік астанаға 216 мың шетелдік және 400 мың отандық турист келіпті. Меймандарды қаламыздың табиғаты, демалыс аймақтары мен тынығу орындары қызықтырады.

Мамандар биыл бізге шетелдерден келетін меймандар саны 20 пайызға артуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Алдағы Универсиада ойындары мен Алматының 1000 жылдық мерейтойы да туристерді тартатын айтулы шаралар.

"Алматының мерейтойына орай түрлі шаралар өткізіліп жатыр. Олар мәдени, этнографиялық, музыкалық және гастрономдық фестивальдер. Сонымен қатар, мұның барлығы қысқа уақытта ұйымдастырылуда. Бұл қалаға келетін қонақтар мен шетелдік туристер үшін қызық болады деген үміттемін",- деді Алматы қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының жетекшісі Тимур Дүйсенғалиев.

Алматы облысына да туристер ағылмақ. Өңірдің табиғи ерекшеліктері, әсіресе төрт ұлттық паркте тұнып тұр. Алакөлде тынығуды жоспарлап жатқандар қаншама! Ал «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып, жөнделіп жатқан жолдар туризм саласының дамуына септігін тигізбек.

"Осы жылы "Талдықорған-Өскемен" тас жолының құрылысы басталады және Алакөлге апаратын "Үшарал-Достық" жолының да жұмыстары басталды. Барлықтарыңыз білесіздер, Көлсай мен Қайың атағы жер жарған көлдеріміз. Биыл Инвестициялар және даму министрлігі осы көлдерге апаратын жолдардың құрылысын аяқтамақ",- деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Нұрғалиев.

Қазақстандағы ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік те, ниет те жоғары. Туристік көрме үш күнге жалғасады. Өздерінің демалысын жоспарлағысы келетін алматылықтар осында келіп, нарықтағы ұсыныстарды саралай алады.

Азамат Әуезхан, Әсет Құндақбаев

Фото:psychologi.kz

Поделиться новостью
Следите за новостями zakon.kz в:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: