Алматы облысының фермерлері импорт алмаларды нарықтан ысырмақ

Zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 05.05.2016 18:23 Zakon.kz
Қазіргі таңда елімізде азық-түлік өнімдерінің негізгі импортталатын түрлері жалпы импорт көлемінің 60 пайызынан асып жығылады.

Алматы облысында ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Фермерлер жеміс-жидектің барлық түрін, сондай-ақ апорт өсіруді мықтап қолға алуда. Әсіресе, бұл саланың дамуы жұмыссыз елді еңбекпен, ал нарықты экологиялық таза өніммен қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.

Исмайыл Тамазовтың ауыл шаруашылығы саласымен айналысып келе жатқанына 20 жылға жуықтаған. Бүгінде 112 гектар алқапқа дақылдар егіп отыр. Тіпті, әу баста оның әкесі бастаған шаруашылық бүгінде бір әулеттегі 6 ұлдың тұрмыс-тіршілігіне арқау болған. Түгел алқаптан қанша тонна өнім алатыным құпия деп қалжыңдады. Алайда жер жақсы табыс көзі екенін жасырмады. Тек қана дән сеуіп, өнім күтемін деген бос сөз, таңның атысынан күннің батысына дейін бап қажет.

"Бір жеті, я болмаса, он күн деп миымызды үйрете алмаймыз. Бітті, жаптық, екі аптадан кейін келеміз деген жағдайға жете алмаймыз да. Әлде сана сезіміміз солай ма екен. Не болды екен, ол жақта мен жоқ деп ойлап отырамын. Кейде сағат қаншада ұйқыға кірем, соны білмеймін өз басым",- деді шаруа қожалығының басшысы Исмайыл Тамазов

Фермер ауыл шаруашылығы саласы әркімнің қолынан келе беретін іс деп санамайды. Себебі топырақтың құнарын сақтап, жерді балаңдай баптауға тәжірибе мен білім ауадай қажет. Алайда игерілмей бос жатқан жерлерді Қазақстан азаматына жалға беру, оның ішінде жеке меншігіне беруді құп көреді. Өйткені Қазақ елінің ауыл шаруашылық жерлері мол болғандықтан, азық-түлікпен ішкі нарықты түгелдей қамтамасыз етуге қауқары бар.

"Сәл бұл салаға мән берсе алатын адам, титтей әрекет істесе жұмысы жүреді. Жер алдым да мал жаямын десе, ол да басқа нәрсе. Суармалы жер алған адам сол жерде өндіріс жасау керек",- деді шаруа қожалығының басшысы Исмайыл Тамазов.

Бүгінде өзі қарайтын 112 гектар алқаптың елуінде - соя, 25 гектарында - картоп, 12 гектар жерге бау-бақша, 2 гектар жерде құлпынай өсіп жатыр. Қазір шаруашылықты қадағалауға жиырма шақты жұмыскер жұмылдырылған. Ал, өнімдерді жинау кезінде маңайдағы ауыл тұрғындарын жұмысқа тартады. Егінді суару жағынан ешқандай қиыншылық жоқ. Ендігі мақсат - техниканы жаңарту дейді.

Біз тұрған алқаптың 3 гектар алқапқа 2004 жылы отырғызылған 3 мың түп алма ағашы 2007 жылдан бастап жеміс бере бастаған. Бір тал шыбықтың дәл осындай үлкен ағаш болып өсуіне көп тер төгіліп, қажырлы қайрат жұмсалған. Ауыл шаруашылығы саласында сапалы өнім аламын дегендер жылдың 365 тәулігі мен бір күннің 24 сағатын еңбекке арнау керек.

Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласын дамыту импортталатын азық-түлік өнімдерінің азаюына сеп болмақ. Қазіргі таңда елімізде азық-түлік өнімдерінің негізгі импортталатын түрлері жалпы импорт көлемінің 60 пайызынан асып жығылады. Оның 18 пайызын кондитерлік өнімдер құраса, сүт өнімдері - 13, қант - 8, құс еті - 6, жеміс-жидек қалбыры - 6, шай - 5, өсімдік майы мен шұжық өнімдері - 3 пайызға тең.

Үмбетәлі Меймеш, Рашидин Якупов

Фото:selok.ru

Поделиться новостью
Следите за новостями zakon.kz в:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: