Түркиядағы төтенше жағдай қазақстандық туристердің демалысына кесірін тигізуі мүмкін
Түркияда жарияланған төтенше жағдай миллиондаған қазақстандық туристердің демалысының шырқын бұзуы мүмкін. Жүзеге аспай қалған әскери төңкерістен соң бұл елдің әуежай, вокзал мен көшелерінде тексеріс күшейіп, полицейлердің саны еселеп артып жатыр, деп жазады КТК телеарнасы.
Оның үстіне Түркияда төтенше жағдай режимі 3 айға созылмақ. Бірақ, президент Ердоғанның өзі курорттарға тынығуға келген туристер мен халықтың еркін жүріп тұруына кедергі болмайды деп сендіруде. Қазір бұл елде биліктің барлық тармағынан Фетхуллах Гүленнің жақтастары жаппай қуылып жатыр. Себебі Ердоған төңкеріске Америкада тұратын оппозиция жетекшісі, ислам насихаттаушысы Гүленді айыптауда. Сондықтан Гүлен ілімін насихаттады деген желеумен генералдарды айтпағанда, университет ұстаздары, имамдар, шенеуніктер, журналистер, прокурорлар мен судьялар әлі жаппай тұтқындалуда. Тіпті мұғалімдерге елден шығуға қатаң тыйым салынған. Айта кетсек, Түркиядағы төңкеріс кезінде 300-ге жуық адам қаза тапқан еді. Төтенше жағдайдың енгізілуіне сол Гүленнен төнген қауіп себеп болыпты.
Реджеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:
- Гүленшілердің террористік ұйымы тағы бүлік шығаруы мүмкін. Менің ойымша, төңкеріске кейбір мемлекеттердің қатысы болуы ықтимал. Оның үстіне Түркияның арнайы қызметі жүйелі жұмыс істегенде, толқудың алдын-алуға болар еді. Ал 3 айға жалғасатын төтенше жағдайды тым ұзақ деп бізді сынаудың қажеті жоқ. Бастысы еліміздің тыныштығы.
Фото: today.kz