Ақмола облысында қатерлі ісікке шалдыққандар саны артты

Zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 24.08.2016 19:24 Zakon.kz
Онколог мамандардың айтуынша, өңірде жыныс мүшелерінің қатерлі ісігі 3-4 пайызға артқан.

Ақмола облысында қатерлі ісікке шалдыққандар саны азаймай тұр. Бұл туралы «Ақмола медиа» орталығында емдеу мекемелерінің басшылары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткізген брифинг барысында айтылды, деп хабарлайды BNews.kz.

Онколог мамандардың айтуынша, өңірде жыныс мүшелерінің қатерлі ісігі 3-4 пайызға артқан.

«Өткен жылы рактың асқынған түрі бойынша 155, биыл 147 дерек тіркелді. Сүт безі рагына 8 мыңнан астам әйел тексерістен өтіп, аурудың 11 асқынған түрі анықталды. Жатыр ісігіне қатысты 9 мың әйел тексерістен өтіп, 234-інде қатерсіз ісік, 2-інде қатерлі ісік бары белгілі болды. Аудан, ауылдарға мамандар 7 рет сапарға шығып, 409 адамды тексерістен өткізіп, 121-інде қатерлі ісіктің барын анықтады», – дейді облыстық онкологиялық диспансер бас дәрігерінің орынбасары Болат Әбішев.

Өңірде жүрек талмасы ауруы бойынша көрсеткіш жоғары. Бүгінде облыста осы дертке бағытталған 22 стационарлық ұйым жұмыс істейді. Науқастарға үш деңгейде көмек көрсетіледі.

«Облыс бойынша 12 кардиолог-дәрігер жетіспейді. Жаңадан сатып алынған медициналық қондырғылардың арқасында жүректегі ақауды ерте анықтауға мүмкіндік туып отыр. Соңғы 6 айда жүрек талмасының көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 15,6 пайызға төмендеді. Дегенмен, асқынған түрі 7,2 пайыз күйінде қалып отыр», – дейді облыстық аурухананың бас дәрігері Серік Аяғанов.

Сонымен қатар, облыста омыртқасын жаралап, мүгедек болып қалғандар көбейген. Бұл жерде жол-көлік апаты кезінде көрсетілетін алғашқы медициналық көмектің әсері көп. Сондықтан осы бағытта қазір 60 адам қайта даярлықтан өткен.

Облыстық перинаталдық орталық дәрігерлері жүктілікті және шарананың дамуы деңгейін ерте анықтауға мүмкіндік туып отырғанын ортаға салды. Соның арқасында аналарды тіркеуге тұрғызып, түрлі дерттердің алдын алуға болады. Биыл аналардың көз жұму дерегінің тіркелмеуінің өзі соның дәлелі. Сәбилердің шетінеуі де 24,2 пайызға төмендеген.

«Дегенмен, облыста 53 акушер-гинеколог, анестезиолог, неонатолог маман жетіспейді. Бұл проблеманы шешу үшін мамандарды жұмыс орнында қайта оқытып, бірнеше салаға дайындауға мән беріліп отыр», – дейді перинаталды орталықтың бас дәрігері Ермек Мұхамедиев.

Өкінішке қарай, тұрғындардың өмір ұзақтығы экономикалық әріптестік және даму ұйымының мүше елдеріне қарағанда 10 жылға кем. Бұл жалпы өлім-жітімнің көбеюімен байланысты. Облыс тұрғындарының 25 пайызы қан айналымы жүйесінің бұзылуынан, 13 пайызы қатерлі ісіктен, 9 пайызы апаттар мен уланудан көз жұмады.

Фото: www.cheboksary.ru

Поделиться новостью
Следите за новостями zakon.kz в:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: