Петропавлда құбыр тартып жатқан жұмысшылар адам сүйектерін тауып алды

Жұмысшылардың айтуынша, адам қаңқасы бір метр тереңдікте жатқан.

Петропавлда Береке шағын ауданында жылу құбырын тартып жатқан кезде адам сүйектері табылды. Экскаватор сүйектердің бір бөлігін сындырып тастаса, кейбірі топырақпен араласып кеткен. Бұл туралы BNews.kz тілшісіне ІІД баспасөз қызметінің қызметкері Динара Сағандықова мәлімдеді.

Салынып жатқан көп пәтерлі тұрғын үйге жылу құбырын тартып жатқан құрылысшылар адам сүйектерін тауып алған.

Жұмысшылардың айтуынша, адам қаңқасы бір метр тереңдікте жатқан. Өткен аптада да құрылысшылар адамның бас сүйегін тауып алған екен. Құрылыс бригадасы оиға орнына полицейлерді шақырды.

«Оқиға орнына Петропавл ІІБ жедел тергеу тобы аттанды. Табылған адам сүйектері сараптамаға жолданды», - деп түсіндірді Динара Сағандықова.

Қазір қаңқаның пайда болуына қатысты түрлі болжам айтылып жатыр. Құрылыс жүріп жатқан жерде ескі зират орналасқан болуы мүмкін деген нұсқа да қарастырылуда. Алайда С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхана жанындағы «Өлкетанушы» клубының мүшесі Лидия Мелехина бұл нұсқамен келіспей отыр.

«Бұл мекенде зират болған жоқ. Қала Подгорья ауданы жақтан бой көтере бастағанда, бейіт тауда орналасқан. Себебі ауданды жиі су басатын. Зират саябаққа дейін жетіп, «Қарасай» стадионы маңында болды», - дейді Мелехина.

Фото: BNews.kz


Следите за новостями zakon.kz в: