Қарағандыда ұл баланы зорлап, өлтірген күдіктіге қатысты сот отырысы басталды

Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті алдымен баланы зорлап, кейін буындырып өлтірген.
Қарағандыда 9 жасар баланы зорлады және өлтірді деп айыпталған Шахан кентінің 53 жастағы тұрғынына қатысты сот отырысы басталды. Бұл туралы Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметінен хабарлады, деп жазады ҚазАқпарат ХАА.

«Басты сот отырысы облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотта басталды. Айыпталушыға адам өлтірумен бірге, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасады деген айып тағылып отырғандықтан, сот отырысы жабық режимде өтуде», - деп атап өтті облыстық соттың баспасөз қызметінен.

Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті алдымен баланы зорлап, кейін буындырып өлтірген.

Еске салайық, ағымдағы жылдың сәуірінде Шахан кентінде 9 жасар бала жоғалды. Оның мәйіті әлеуметке жат өмір салтын ұстанған ер адамның пәтерінен табылды. Ол билік өкілдеріне бағынбағаны үшін бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Полицейлер пәтер иесін адам өлтірді деген күдікпен ұстады.

Қаза тапқан 3-сынып оқушысы көпбалалы жанұяда өскен. Мектептен кейін бала аулаға ойнауға кетіп, қайтып оралмаған. Ата-анасы баланың жоғалғаны туралы полицияға хабарлады.

Фото: inform.kz
Следите за новостями zakon.kz в: