Алматы облысында жетім балалардың мүлкіне қол сұққандар әшкереленді

Талғар ауданында осындай 11 факт тіркелсе, оның бес жағдайында «қамқоршылар» мүлікті сатып жіберген.
Алматы облысында жетім балалардың мүлкіне қол сұққандар әшкереленді. Қамқоршы боламыз деп құжат рәсімдеп, кейін қарамағындағы жәудіркөздердің дүниесіне қызыққандарды облыстық прокуратура қызметкерлері анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәселен, Талғар ауданында осындай 11 факт тіркелсе, оның бес жағдайында «қамқоршылар» мүлікті сатып жіберген. Ал Текелі қаласында қамқоршылар екі баланың мүлкін жалға беріп, 350 мың теңге табыс тапқан. Құзырлы орган түскен қаржыны балаларға қайта өндіріп бермек. Ал әділетсіздікке жол бергендер әкімшілік жауапқа тартылатын болады.

«Райымбек ауданында жетімдерге емес, олардың қамқоршыларына заңсыз тұрғын үй беру фактілері анықталды. Прокуратура дер кезінде қолданған шаралар нәтижесінде бұл тұрғын үйлер олардың қамқоршыларынан алынып, қайтадан заңды түрде жетімдерге беру мәселесі қаралуда», - дейді Алматы облысы прокуратурасы басқарма басшысының орынбасары Ерік Асанов.

Облыстық прокуратура қызметкерлері жетімдер мәселесін бақылауды ары қарай да жалғастырмақ. Естеріңізге сала кетейік, құзырлы орган өңірде «Жетімдер үйісіз Жетісу» жобасын қолға алған болатын. Бұл жоба Алматы облысындағы балалар үйінің санын азайтуды көздейді.

Фото: abai.kz
Актау Актобе Алматинская область Алматы Кызылорда Нур-Султан Семей
Следите за новостями zakon.kz в: