Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте
Мемлекеттік тіл - мемлекеттік қызметте
Мемлекеттік тіл - тәуелсіз елдің негізігі рәміздерінің бірі. Кез келген өркениетті елдің өзінің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, шекарасы болатын секілді, мемлекеттік тілі де болады. Демек, мемлекеттік тіл де - мемлекеттің негізгі атрибуттарының бірі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Жолдауында: «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бей-жай қарамаймыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз», - деген болатын. Тіл халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі - ұлттың мәселесі. Мемлекеттік тілдің мерейін асыру мақсатында мемлекеттік қызметте қажырлы жұмыс атқарылуда. Барлық шығыс құжаттары мен мемлекеттік мекемелермен хат алмасу мемлекеттік тілде жүзеге асырылады. Соның ішінде соңғы кезде, сот жүйесінде мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге, оның баптарының жүзеге асырылуының бағдарламаларының жасақталғаны, Мемлекет басшысының тіл саясатында дұрыс бағыт ұстап, қолдау танытып отырғаны көпке мәлім. Аталған әрекеттердің бастауы, мемлекеттік мекемелерде қазақ тілін оқып үйретуді дұрыс жолға қою болып табылатыны сөзсіз.
Мемлекет саясатында жауапты мекеме басшылары тілге деген бақылауды ешқашан да босаңсытпауы тиіс. Ең бастысы, тілге деген құрмет пен қамқорлық, қолдау көрсетіліп, оны өмірде қолдану мен қорғау басшыдан бастау алу керек. Ал, егер өзіміз бен мемлекет басындағылар керек етпесе, мемлекеттік тіл кімге керек? Адам қай тілде сөйлесе, сол тілге қызмет етеді.
Сондықтан мемлекеттік тілді ұлттық идея етіп, сол тілді қолданып, сол тілде сөйлеп, елімізге адал қызмет етейік.
Сөз соңында айтатыным, ана тілімізді құрметтеп, аяқ астына таптамайық, ағайын! Бұл біздің болашағымыз!
Сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту - тілге жанашыр, азаматтарға тікелейбайланысты екенін жадымызға сақтап, соны іске асыруға жұмыла кіріссек, мәселе оңынан шешіледі деген сенімдемін.
Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының
кеңсесінің бас маманы
А.М. Габдуллина