Жоғарғы Сотқа Францияның Қазақстандағы Елшілігінен алғыс хат нотасы келіп түсті

Zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 28.04.2016 23:01 Zakon.kz
Нотада:Жоғарғы Соттың қаулысы шетелдік инвесторлардың зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы ынталандырушы көрсеткіш болатынын және Қазақстандағы инвестициялық ахуалға оң әсерін тигізеді делінген.

Жоғарғы Соттың атына Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкодан хат келіп түсті. Хатта ол Сыртқы істер министрлігіне келіп түскен Францияның Қазақстандағы Елшілігінің алғыс хат нотасының мазмұнын хабарлаған. Елшілік Қазақстанның жоғары сот органының «Chivas Holdings (IP) Limited» компаниясының талап арызын қанағаттандыру жөніндегі қаулысына қатысты өз алғыстарын білдірген. Бұл туралы zakon.kz, ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме беріп хабарлайды.

Нотада: «Жоғарғы Соттың қаулысы шетелдік инвесторлар үшін зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы ынталандырушы көрсеткіш болып табылады және Қазақстандағы инвестициялық ахуалға оң әсерін тигізеді. Бұл шешім Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында қол қойылған кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге енгізілген сауда белгілері үшін аймақтық / ұлттық түпкілікті қағидаттарға толығымен сәйкес келеді»,- делінген.

Азаматтық даудың мәні мынада: Қазақстанның Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті «Chivas Holding (IP) Limited» компаниясына айрықша құқық беретін «Chivas Regal» элементін тауар белгісі ретінде тіркеген. Алайда, өндірушісі – «Chivas Brothers Ltd», меншік иесі – «Chivas Holding (IP) Limited» компаниясы болып табылатын «Сhivas Regal» тауарлық белгісі таңбаланған 14 мыңнан астам бөтелке шотланд вискиін «Бриг» ЖШС Қазақстан аумағына тасымалдаған.

«Chivas Holding (IP) Limited» компаниясы «Бриг» ЖШС тасымалдаған тауар оларға тиесілі «Сhivas Regal» тауарлық белгісімен таңбаланғандығына сілтеме жасай отырып, «Бриг» ЖШС зияткерлік меншіктің жоғарыда аталған объектісін олардың рұқсатынсыз және келісімінсіз қолданғанын негізге алып, сотқа «Бриг» ЖШС-нің үстінен олардың «Сhivas Regal» тауарлық белгісін қолдану бойынша әрекетін тауарлық белгіге құқық иеленушінің құқығын бұзатын әрекет деп тану, «Сhivas Regal» тауарлық белгісін қолдануға бағытталған әрекеттерге тыйым салу туралы талап-арызбен жүгінген.

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты, сондай-ақ апелляциялық және кассациялық сатылар бұл талап-арызды қанағаттандырмаған. Осы іс бойынша шығарылған сот актісімен келіспеген компания Жоғарғы Сотқа жүгінген. Өтінішхатта талапкер Қазақстанның 2012 жылы Кедендік одаққа кіргенін, соған орай қабаттас импортқа тыйым салатын (құқық иеленушінің келісімінсіз тіркелген тауар белгісі таңбалаған түпнұсқа тауарлардың импорты) арнайы нормалардың күшіне енгендігін соттардың ескермегендігін көрсеткен.

Жоғарғы Сот осы азаматтық істі қарастыра келе, іс бойынша шығарылған сот актілерінің күшін жойып, «Chivas Holding (IP) Limited» компаниясының талабын қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарды: «Бриг» ЖШС-ның «Сhivas Regal» тауарлық белгісін қолдану әрекеті осы тауарлық белгінің құқық иеленушісінің құқықтарын бұзуына байланысты заңсыз деп танылды, сәйкесінше аталған тауарлық белгіні «Бриг» ЖШС-ның бұдан әрі құқық иеленушінің келісімінсіз қолдануына тыйым салды.

Жоғарғы Сот өзінің қаулысында бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттардың материалдық құқық нормаларын дұрыс түсінбегендігін және қолданбағандығын көрсетті.

«Chivas Regal» тауарлық белгісімен таңбаланған вискилерді Қазақстанға тасымалданған «Бриг» ЖШС аталған тауарлық белгіні қолдануға және оны республика аумағындағы азаматтық айналымға енгізуге құқылы екендігін растайтын дәлелдемелерді сотқа ұсына алмады.

Еуропа одағына мүше елдерде осы аймақтағы мемлекеттердің біріне тауардың азаматтық айналымға енгізілу сәтінен бастап, құқығы жойылатын түпкілікті құқықтың аймақтық қағидаты қолданылады. Аталған қағидатқа сәйкес «Бриг» ЖШС талапкердің тауарлық белгісімен таңбаланған тауарды Еуропалық одаққа мүше елдердің барлығына еркін түрде таратуға құқылы болғанымен, аталған тауарды Қазақстан аумағына алып келу құқық иеленушінің келісімін талап еткен. Себебі қазақстандық қолданыстағы заңнамада түпкілікті құқықтың ұлттық қағидаты көзделген.

Фото:today.kz

Поделиться новостью
Следите за новостями zakon.kz в:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: