ШҚО мектептері үш тілді білім беру жүйесіне жан-жақты қамдануда

Zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 11.04.2016 17:37 Zakon.kz
Жаңа жүйені жетілдіру үшін 200-ден астам білікті маманнан тұратын жұмыс тобы құрылды. Осылайша өңір білім саласындағы басты реформаға жан-жақты қамдануда.

Шығыс Қазақстанда үш тілді білім беру жүйесін енгізу жұмыстарын жүйелі жүргізу мақсатында 4 жылдық кешенді жоспар қабылданды. Аталған жоспар шеңберінде мұғалімдердің біліктілігін арттыруға ерекше басымдылық берілген. Дәл осы мақсат үшін аймақ қазынасынан 307 миллион теңге қарастырылды, деп хабарлайды 24.kz арнасы.

Ал облыс орталығы Өскеменде бірнеше мектеп үш тілді жетік меңгертудің тың әдістерін бастап та кетті. №24 білім ордасы өткен жылдан бастап «орыс тілді мектепте мемлекеттік тілді деңгейлі оқыту» экспериментін бастаған. Аталған әдіс бойынша оқу ошағы 1-11 сынып аралығындағы кешенді оқулықтармен қамтылды.

Мұғалімдердің айтуынша, оқулықтарда қажетсіз мәтін жоқ. Әрбір тапсырманы оқушы сабақта ғана емес, күнделікті ауызекі әңгімеде қолдана алады. Жаңа әдістің нәтижесін Ұлттық білім Академиясы әр тоқсан сайын бақылау жұмысын жіберіп, тексеріп отыр.

Айнұр Зәкәриянова, №24 орта мектептің тәжірибе алаңының жетекшісі:

- Салыстырып отырсақ, балалардың сауаттылығы артқаны байқалады. Ең бастысы білім сапасы көтелірген. Біздің мақсатымыз – білім пен оқулықтардың сапасын арттыру.

Мұғалімдер мен оқушылардың пікірі де осыған саяды. 10-сыныптың оқушысы Александр жаңа оқулықтар келгелі мемлекеттік тілді үйрену біршама жеңілдеді деп отыр. Тіл меңгеруге деген ықыласы да артыпты.

Александр Пинчук, оқушы:

- Оқулық мазмұны да маған ұнайды,онда өмірге қажетті ақпараттар берілген. Онда қазақша жақсы сөйлеуге үйретеді.

Гүлмира Сәктаева, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Оқушылардың деңгейінен сөйлеу әрекеттерінің дами бастағанын байқадым, мына оқулықта көбінесе бүгінгі күн талаптарына сай қарастырылған мәтіндер бар.

Үш тілді білім беру үшін мұғалімге қойылар талап артады. Ұстаздардың біліктілігін екшелеу мақсатында 3 мыңнан астам мұғалім алдын ала диагностикалық тестілеуден өтті. Мүлт кеткендер баршылық. Олар – әсіресе техникалық білім алған соң жоғарғы оқу орнында филология факультетін сырттай аяқтап, қазақ немесе орыс тілі пәні мұғалімі болып шыға келгендер. Дәл осындай мұғалімдердің білім таяздығы тестілеу кезінде бірден байқалған.

Мұңлық Асанова, облыстық білім басқармасы «Шығыс» өңірлік орталығының директоры:

- Ол мамандардың өздерінің тілді жетік білуі төмен дәреже көрсетіп отыр. Әрине, облыс басшысының тікелей тапсырмасымен біз ешқандай мұғалімге шара қолданғанымыз жоқ. Керісінше ол кісілерге жағдай жасап, біліктіліктерін арттыру, тілді меңгеру даярлық курстарын өткізіп жатырмыз.

Облыста жалпы 4 мектеп пен 7 балабақшада үш тілді білім беруді енгізу тәжірибелері қарастырылған. Жаңа жүйені жетілдіру үшін 200-ден астам білікті маманнан тұратын жұмыс тобы құрылды. Осылайша өңір білім саласындағы басты реформаға жан-жақты қамдануда.

Э.Ахметова, А.Төлепов

Фото:24.kz


Поделиться новостью
Следите за новостями zakon.kz в:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: