Лента новостей
0

Мемлекеттік тілде сот төрелігін жүргізу

zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 21.12.2017 15:11 Фото: zakon.kz

Мемлекеттік тілде сот төрелігін жүргізу

 

Тіл тағдыры - тұтас ұлттың тағдыры. Ұлт ұстазы Ахаң - Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы - тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», - десе, Мағжан Жұмабаев: «Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ», - деген екен. Бір ғасыр бұрын айтылған Алаш арыстарының бұл сөздері дәл бүгінгі заманның да тамыр бүлкілін дөп басып тұрғандай.

Елбасының Жарлығына сәйкес, барлық орталықтар, жергілікті атқарушы және жоғарғы билік органдары, Президент Әкімшілігі, Парламент, Үкімет ісқағаздарын кезең-кезеңімен мемлекеттік тілге көшіруі тиіс еді. Бірақ, ісқағаздарын мемлекеттік тілге көшіру ахуалы соттармен, басқа да мемлекеттік органдарда күрделі күйінде, аудармашылардың ығында қалып отыр. Абай бабамыздың: «Айтушы мен тыңдаушы көбі надан, бұл жұрттың сөз танымас бір парасы», - дегеніндей, құзырлы органдарымыздың үш тармағының бірі - сот билігі қазақ тілінде сөйлеуде әлі де әлсіздік танытып келеді. «Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас» деп бабамыз жырлағандай, Алаш қоғамында кестелі тілмен өрнектеп, ана тіліміздің қадір-қасиетін арттыратын, мемлекеттік мәртебесін айқындап, айбынын асқақтататын күн де жақын.

Ата Заң - Конституция мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге кепілдік береді. «Тіл туралы» заңның 4-бабында: «Мемлекеттік тіл - мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және ісқағаздарын жүргізу тілі», - деп атап көрсетілген. Десек те, айдың-күннің аманында, тәуелсіздігіміздің 23 жылдығында тіл тағдырын қиянатқа, додаға салуды тоқтатпай келеміз. Тіл саясаты кез келген мемлекеттің ұлттық тағдырын шешетін киелі құбылыс. Ал, бабалар тілінің тегеурінін алға жылжытпай отырған кейбір мемлекеттік орган басшыларына Абайдың айтқанындай: «Қарны тоқ, қаса надан ұқпас сөзді, сөзді ұғар көкірегі болса көзді» дегіміз келеді. - Тіл. Ұлт. Тәуелсіздік атаулары біз үшін қасиетті ұғымдар. Жүрегі елім деп соққан әрбір адамның өзінің халқына, ұлтына, тіліне деген ерекше сезімі болатыны сөзсіз. Елбасымыз айтқандай, «Әрбір қазақтың ана тілін білуі - парыз, білмегені - ұят та». Мемлекеттік тілдің мәртебесі арқылы халықтың сотқа деген сенімі, сот билігінің беделі артады. ХХІ ғасырға тәуелсіз ел ретінде енген мемлекетіміздің әлеуметтік, экономикалық, мәдени өмірінде үлкен өзгерістер болып жатыр. Қоғамның іргелі дамуымен қатар ана тілімізді сот саласында берік орнықтыру, оның беделін көтеру мақсатында жергілікті сот кеңселерінде жұмыс ауқымын кеңейту қажет. «Қазтест» атты мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалаудың отандық жүйесі туралы білесіздер. Алдағы уақытта сот саласының қызметкерлерін «Қазтест» бойынша тестілеуден өткізіп, олардың деңгейін анықтап, оқыту курстарын ұйымдастыру керек. Жергілікті соттар кеңселері іс- қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге, жалпы, құжат айналымында мемлекеттік тілдің үлесін көтеруге, сот ісі мен ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізудің сапасын арттыруға қатаң кірісуі қажет.

Бүгінде «Талап арыз қай тілде түссе, сол тілде іс жүргізіледі» деген қысыр сөз біздің соттардың ұранына айналғандай. «Конституцияның 7-бабы 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі - қазақ тілі деп танылса да, осы баптың екінші тармағында мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылды»,-деп көрсетілген. 1998 жылы қабылданған ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 30-бабына, Азаматтық іс жүргізу кодексінің 14-бабына сәйкес елімізде қылмыстық және азаматтық сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі. Заңның басты қасиеті - оның басқа нормативтік актілерден жоғары екендігінде және қалай оқылады, солай қолданылуға жататындығында. Егер заңның мәтініне зер салсақ, мемлекетімізде сот ісі қазақ тілінде жүргізілуі тиіс. Мемлекеттік тілмен бірге орыс, басқа да тілдер қолданылуы мүмкін. Онда да қажет болған жағдайда ғана. Сондықтан, сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу және қажет болған жағдайда басқа тілдерді қолдану түсініктерін теңестіріп қарауға болмады. Құқықтық тұрғыдан сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу нормасы жоғары тұруы тиіс. Қазақстанда сот ісін жүргізу тілі қазақ тілінде деп нақты айту қажет. Қазақстан унитарлық (біртұтас) мемлекет. Ендеше, сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу үшін ешқандай қысыр сөз, дау-дамай туындамауы керек. «Сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі» деген заңның тармағын басқаша түсіндіруге, теріс қабылдауға тырыспайық. Конституциямызда айқындалған мемлекеттік тілмен қатар орыс тілі ресми тіл болып табылады деген норма да бастапқы мағынасындағыдай айбарлы рөл атқармайды. Сол кездегі жағдайларға тереңірек үңілер болсақ, буыны жаңа қатайып келе жатқан мемлекетіміздің әлеуметтік экономикалық жағдайы, қазақ ұлтының санының аздығы осы заңның кеңірек пайдаланылуына, құқықтық нормасының кеңірек қолданылуына итермеледі.

 - Жолдаудың алтын діңгегі, темір қазығы - Мәңгілік Ел болу! Бұл ұлттық ұлы идея елді бір мақсат, бір мүдде, бір болашаққа біріктіріп, жаңа асуларға бастайды. Ендеше, осы мақсатқа жұмылдырылған мемлекетіміздің өркендеу жолында мемлекеттік тілдің алатын орны ерекше. Мемлекет басшысы Жолдауда: «Қазақ тілі - біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз - оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет», - деген еді. Бұл дегеніміз туған тілдің саяси әрі мәні мен мағынасын, мемлекеттік мазмұнын анықтайтын үндеу болып табылады. Тілді ойлау- болашақ ұлтты ойлау. Тәуелсіздікпен бірге қазақ тілі де мемлекеттік мәртебесін бекітті. Бірақ, жасыратыны жоқ, тіліміз мемлекеттік мәртебе алумен қанатын жая алған жоқ. Тілдің қолданылу аясын кеңейту және мелекеттік қызмет салаларында ісқағаздарын ана тілімізде жүргізу, жаппай мемлекеттік тілде сөйлеу сияқты мәселелер әлі де өз деңгейінде емес. Жасыратыны жоқ, сот жүйесі және құқық қорғау органдарында ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізілуі толыққанды жүзеге асырылмай отыр. Біздің ойымызша, мемлекеттік қызметкерлер, оның ішінде сот саласының қызметкерлері қоғамға және халыққа қалтқысыз қызмет көрсетудің жоғары сапалық деңгейіне лайық болуы тиіс. Қоғамдық өмірдің барлық саласындағы мемлекеттік органдардың өкілеттілігі мемлекеттік қызметкерлер арқылы іс жүзіне асырылады. Сондықтан, осы маңызы бар салалардың іс- қағаздары, жалпы, құжат айналымы мемлекеттік тілде жүргізілгені жөн. Қоғамда, әсіресе, жастар арасында қазақ тіліне байланысты талап болмайынша, бұл мәселеде түбегейлі өзгеріс күту күрделі.Сондықтан, мемлекеттік тілді дамыту мәселесі мемлекет тарапынан қатаң бақылауда болуға тиіс. Жаһандану дәуірінде өзінің тарихының, мәдениеті мен тілінің қадіріне жететін халық қана табысты өркендей алады. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік Тіл болатынына кәміл сенемін», - деді судья Ғалия Аққуова.

Бейнеконференцияда облыстық соттардың кеңсе басшыларының есебі тыңдалды. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облыстық сотының кеңсе басшысы Манас Борашев: «Мемлекеттік тілдің қолданылуын кеңейту мақсатында көптеген іс-шаралар өткізілуде. Аудандық және оған теңестірілген соттарда қазақ тілін оқыту курстары ұйымдастырылып, судьялар мен сот қызметкерлеріне сертификат тапсырылған. Алайда, сертификат алған мамандар қазақ тілін жетік меңгерді деп айтуға болмайды, кейбіреулері қазақша жазу түгіл, қазақ тілінде келген хатты оқып, түсіне алмайды. Сондықтан, іс-қағаздарын жүргізу тілін үйрету жөніндегі қазақ тілі сабақтарын ұйымдастыру қажет» деген пікірін білдірген еді. Осы тұста аппарат басшысы Ілияс Испанов:«Іс- қағаздарын мемлекеттік тілге жүргізуге, мемлекеттік тілде іс- қағаздарын дайындау жөнінде оқу сабақтары өткізіледі. Бұған тиісті қаражат бөлінеді. Қазақ тілін оқыту курстарынан өткен қызметкерлер хатты оқып, түсіне алмаса оларға не үшін сертификат беріледі? Бұл мемлекеттің қаражатын тиімсіз қолдану. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге бөлініп, жұмсалатын қаражаттың соттардағы қазақ тілінің қанат жоюына ықпалы болмаса, онда қаржыландырудың керегі не? «Бас басына би болған өңкей қиқымның» әрекетіне Жоғарғы Сот жол бермейді» деп қадап айтты. Шынымен, қаражат жеке меншік нысаннан келіп отырған жоқ немесе жеке меншік мекеме емес, сондықтан, мемлекеттік орган мемлекет қаражатын мемлекет мүддесіне жаратуы тиіс. Сондай-ақ, Ілияс Испанов мемлекеттік тіл саясатының алға қарай жылжуына кедергі болып отырған кейбір жергілікті соттардың кеңсе қызметкерлеріне жауапкершілік күшейтілетінін, ісқағаздары мен сот ісін мемлекеттік тілде еркін жүргізуге республика соттарының әлеуеті жеткілікті екенін атап өтті.

Бұрын Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумы 1989 жылғы 22 желтоқсанда қабылдаған «Сот ісі жүргізілетін тіл жөнінде заңдарды соттардың қолдану тәжірибесі туралы» қаулысының Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 22 желтоқсандағы нормативтік қаулысымен күші жойылған болатын. Осы қаулыны қайта құқықтық жаңғыртып, қабылдаудың уақыты келген сыңайлы. Бұл сот ісін қараудың барлық мүмкіндіктерін айқындап, сот ісін қарау барысында кейде кездесіп тұратын қайшылықтардың аражігін көрсетіп беретін нормативтік қаулы болмақ. Жергілікті соттарда мемлекеттік тілде қаралған істердің жалпы саны әлі төмен. Мемлекеттік органдар мен мекемелерден, басқа ұйымдармен кәсіпорындардан сотқа жүгінгенде талап арыздар мемлекеттік тілде емес, яғни, дауласушы тараптардың басым бөлігі сотқа талап арыздарды орыс тілінде беруде. Мемлекеттік органдардың, адвокаттардың, заңгерлердің басым көпшілігі арыздар мен басқа да ресми құжаттарды жазуда түрлі сылтаулармен қазақ тілінен айналып өтуге тырысады. Заң қағидасына сүйене отырып мемлекеттік органдар мен мекемелерден, басқа ұйымдар мен кәсіпорындардан талап арыздарды сотқа мемлекеттік тілде тапсыруды сұрайтын уақыт жетті.

 

Қарағанды облысы бойынша

Қылмыстық істер жөніндегі

мамандандырылған ауданралық сотының

судьясы Қ.А. Касимов

 

 

Следите за новостями zakon.kz в:
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Будьте в тренде!
Включите уведомления и получайте главные новости первым!

Уведомления можно отключить в браузере в любой момент

Подпишитесь на наши уведомления!
Нажмите на иконку колокольчика, чтобы включить уведомления
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: